19.02.2025, 22:00
Оқылды: 220

Казталов ауданында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Бүгін Казталов аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес жұмысына аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Мағауия Есмағұлов төрағалық жасап, аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

IMG20250219163755

Кеңестің күн тәртібінде 2024 жылы атқарылған жұмыстар туралы аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы есебін беріп, кеңес мүшелерін толғандырған сұрақтарға жауап берді.

Ауданымызда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталсақ:

Казталов ауданының бюджеті 2024 жылы 11 млрд. 264 млн. теңгені құраған.

Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамту үшін 46 жеке инвестор тартылып, 28 елді мекенде 142 үй салынып, аудан тұрғындарына берілген.

Былтыр Нұрсай, Әжібай, Жас, Беспішен, Сексенбаев, Ақпәтер ауылдарында тозығы жеткен электр желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Газбен қамту бойынша 12 ауылдағы 22 әлеуметтік нысан газ желісіне қосылмақ.

Ауыз су өтпеген 19 елді мекен болса, 7 ауылға су құбырын тарту, 10 елді мекенді Искра топтық су құбырына қосу жобасы жасалуда.

Былтыр мемлекеттік материалдық резервтен арнайы 6 техника алынды.
Қараөзен су қоймасын салуға жоба жасалса, Сарыөзен су қоймасын жасауға жоба жасалуда.

Автомобиль жолдарын жөндеу бойынша ауданда 8 жоба жүзеге асып, соның ішінде 2 жоба аяқталған. 6 жоба 2025 жылы жалғастырылады.

Ауданда ауыл шаруашылығы саласы дамуда. Мал басы ірі қара 22,8 пайызға, қой-ешкі 20,6 пайызға, жылқы 26,2 пайызға, түйе 21,7 пайызға, құс 21,7 пайызға өскен.

«Ауыл аманаты» бағдарламасына 34 өтінім жолданып, 240 млн. 315 мың теңгені құраған.

Ауданда 1908 шағын кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасап, 2723 адам жұмыс жасауда.

2024 жылы пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 8693 гектар құрайтын 15 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған. 28 592 гектар 54 жер учаскесі конкурсқа шығарылып, 22 330 гектар 43 жер учаскесі жалға берілген.

Аудан бойынша 7 мектеп ғимараты апатты және апат алдында деп танылған. Былтыр Саралжын ауылында 60 орындық мектеп, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен Казталов мектеп-лицейі 250 млн. теңгеге заманауи кабинеттермен жабдықталды. Қараөзен мектеп-лицейін күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен қаражат бөлінуде. Биыл Қоныс мектебінің құрылыс жұмыстары басталмақ.

Ауданымызда 2603 тұрғын жұмыспен қамту шараларына тартылған. Жыл басынан бері 41 адам 55 млн. 322 мың теңге қаражатқа қайтарымсыз грант алып, кәсібін бастаған. 487 адамды құрайтын 82 отбасыға 27 млн. 28 мың теңгеге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген.

Қайыңды ауылында мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Мәдениет ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 86 млн. 856 мың теңге бөлініп, қажетті құрал-жабдықтар алынған.

Аудан орталығында 320 орындық дене шынықтыру және сауықтыру кешені пайдалануға берілді. 4 ауылдағы шағын футбол алаңдарының жасанды төсеніштері ауыстырылды.

«Жасыл ел» еңбек жасақтарына 85 студент маусымдық жұмыстарға тартылған. «Казталов ауданының жастар кадрлық резервіне» 5 жас маман қойылып, 1 маман мемлекеттік қызметке алынған.

Өткен жылы денсаулық саласының 6 маманы жаңа тұрғын үймен қамтылып, аудандағы ауруханаларға 4 жедел жәрдем көлігі алынған. Жаңадан 12 дәрігер, 24 орта буын маманы келген.

«Қаладан — ауылға» бағдарламасына қатысқан 106 адамды құрайтын 19 отбасы 9 елді мекенге көшіп келген.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектеп түлектері және меценаттардың демеушілігімен 82 млн. 200 мың теңгеге 32 жоба жүзеге асқан.

Кеңес жұмысында аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев пен аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Мағауия Есмағұлов та 2024 атқарылған жұмыстар желісін баяндады.

Аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері өздерінің сауалдарын жолдап, қосымша ұсыныстарын айтты. Кеңес мүшелері аудан орталығының көшелеріне жөндеу жүргізу, қоғамдық монша салу, техникалық су тарту, Қошанкөл ауылдық округінде жаңа типтегі демалыс орнын салу жобасының созылуы, елді мекендерге, «Казталов-Фомин» шекара бекетіне дейін қатқыл табанды жол салу, Казталов ауылындағы балалар тасымалына қосымша көлік шығару, А.Оразбаева мектебін толығымен тапсыру, аудан орталығында жол белгілері мен аялдамалар жасау туралы сұрақтарына тұшымды жауаптар алды.

photo-output

Кеңес соңында аудан басшысы аудандық Қоғамдық кеңес жұмысына оң бағасын беріп, ауданымыздың дамуына үлес қосып жатқан қоғамдық кеңес мүшелеріне алғысхаттар табыстады.

Нұр Рахман
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале