Казталов ауданындағы қызғалдағы тербелген Қайыңды ауылының Мәдениет үйінде қазақ жұртына әсем әндер сыйлаған жерлес композитор Темірәлі Бақтыгереевтің 75 жылдығына арналған «Елін әнімен тербеген Темірәлі» атты мәдени шара өтті.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев, IV-Республикалық «Қызғалдақ - көктем» эстрадалық әндер байқауының қазылар алқасы, облыстық халық шығармашылық орталығының директоры Мәулет Жұбатов және Темірәлі Бақтыгереевтің ұстазы, көзін көрген ауыл тұрғындары қатысты.
Мәдени іс-шара Темірәлі Бақтыгереев туралы бейнефильмінен бастау алып, әрі қарай әсем әндерге жалғасты. Мұрат Ахметовтің орындауындағы «Барып қайт балам, ауылға» әні өнерсүйер қауымды бір серпілтіп тастады.
Қызғалдақты Қайындыдан түлеп ұшқан хас талант иесі Темірәлі Бақтыгереев композиторлықтың арқасында халықты әнге бөлеп, ұлы таланттарды дүниеге әкелген киелі Казталов өңірінде 1950 жылы 23 шілдеде Қайыңды ауылында дүниеге келді. Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыкалық училище мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң Саратов консерваториясында оқып, білім көкжиегін кеңейтеді. Ол елден жырақта жүрген қандастарымыздың сағынышын басып, көңілдеріне үміт отын ұялатқан «Барып қайт балам, ауылға» әнімен ел арасына кеңінен танылды.

Аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы, облыстық халық шығармашылық орталығының директоры Мәулет Өтемісұлы, Темірәлі ағамыздың көзін көрген ауыл ақсақалы Карин Мұнайдар сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын құттықтады.
Мерекелік бағдарламада композитордың «Таңғы тілек», «Сағыныш» әндері орындалып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Гүлнұр Бөлешова,
Казталов ауданы