Жалпақтал ауылының мәдениет үйінде ҚР журналистер одағының мүшесі, танымал қаламгер, ақын Қыдыр Харесұлы Абдрахмановтың құрметіне «Қыдыр оқулары» атты аудандық байқау өтті. Байқау ауылдан шыққан танымал тұлғаларды дәріптеу мақсатында ауданда бірінші рет өткізіліп жатыр.
Поэзия әлеміне көз салсақ, қазақтың арман-мұраты, шаттығы мен қайғысы ең алдымен ақын өлеңдеріне арқау болған. Атадан балаға мирас болған байлығымыз, қазынамыз туған тілге, көркем әдебиетке, оның ішінде поэзияға деген құштарлығын арттырып, өлең сөздің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге үйрету болып табылады.
Байқауға ауданы мектептерінен 5-11 сынып аралығында жалпы 48 оқушы қатысты. Шара барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова:
- Қазақ ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Сәтпаев “Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес” деп бекер айтпаған. Поэзия бәрімізге жақын. Поэзияны ұнатпайтын, жақсы көрмейтін қазақ баласы жоқ. Сондықтан ауылдық жерден шыққан ауылымыздың ақын-жазушыларының шығармашылығын жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында осындай байқаулар жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін болады. Қыдыр Харесұлының қалам тербемеген тақырыбы жоқ шығар. “Ауыл айнасы” газеті мен әлеуметтік желіде әр түрлі мерекелерімен қатар, еңбек адамдарын жырына қосып, халыққа паш етіп отырады. Бүгінгі байқауға қатысып отырған оқушыларға сәттілік тілеймін, - деді өз сөзінде.
Байқау нәтижесінде “Өмір мектебі” аталымы бойынша І орын Жанатбек Кенжеғали (Сарықұдық негізгі орта мектебі), ІІ орын Айша Рахимова (Қараөзен мектеп-лицейі), ІІІ орын Айзере Жұмағали (Алма Оразбаева ат.ЖОББМ) мен Шырайлым Нұрболат (Көктерек ат.ЖОББМ), Наргиза Елеусінова (К.Меңдалиев ат.ЖОББМ) алды.
“Өлеңмен ой өрілген” бөліміне қатысқан оқушылар арасынан І орын Алина Сағынтаева (Жаңатаң негізгі орта мектебі), ІІ орын Ералхан Бақытов (Жаңажол ат.ЖОББМ), ІІІ орын Гүлсана Қайрат (А.Хұсайынов ат.ЖОББМ) және Берікқали Ибрашев (Қайыңды ат.ЖОББМ) алды.
“Алау кездер-ән кездер” кезеңінде ақын сөздеріне жазылған әндерді нақышына келтіре орындап, І орын Нұртас Қабдығали (Көктерек ат.ЖОББМ), ІІ орын Айсәуле Талғатқызы (Ақпәтер ат.ЖОББМ), ІІІ орын Ернар Ерсайын мен Алихан Рамазан (К.Мендалиев ат.ЖОББМ) алды.
Жеңімпаздар естелік сыйлақтар мен алғысхатпен марапатталды.
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы Қыдыр Харесұлына естелік сыйлық табыстады.
Гүлнұр Бөлешова,
Казталов ауданы