8.02.2026, 11:26
Оқылды: 2

Казталов ауданында мәдениет саласы қарқынды дамуда

Орал қаласындағы Атамекен өнер ордасында Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов ауданнан шыққан мәдениет саласының майталмандарымен, өнер иелерімен кездесу өткізді. Рухани мәні зор жүздесуде мәдениет саласын дамыту, ауылдық клубтардың жұмысын жандандыру, шығармашылық бастамаларды қолдау және тарихи тұлғалардың мұрасын дәріптеу мәселелері кеңінен сөз болды.

IMG-20260207-WA0025

Кездесу барысында ауданның мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, 2025 жылы бұл салаға бөлінген қаржы көлемі 689 миллион теңгеден асып, материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға қосымша 66 миллион теңгеден астам қаражат бағытталған. Соның нәтижесінде бірқатар мәдениет нысандары заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

IMG-20260207-WA0026

Аудандық мәдениет үйіне LED экран, жарық және дыбыс құрылғылары орнатылып, сахналық киімдер жаңартылды. Жалпақтал мәдениет үйіне қызметтік автокөлік берілсе, бірнеше ауылдық мәдениет ошақтарында қазандықтар жаңартылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда аудандық мәдени-демалыс орталығында 1530 қатысушыны қамтитын 107 үйірме жұмыс істейді. Сонымен қатар 12 «халықтық» және 1 «үлгілі» ұжым халыққа мәдени қызмет көрсетіп келеді. Биыл «Қожа» әзіл-сықақ театры мен «Тамаша» ойын-сауық отауына «халықтық» атағының берілуі – шығармашылық ұжымдардың еңбегіне көрсетілген жоғары баға.

IMG-20260207-WA0023

Кітапхана саласында да оң өзгерістер байқалады. 17 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетіліп, жыл ішінде 393 мыңнан аса кітап оқырман қолына тиген. Кітап қоры 4 578 дана жаңа әдебиетпен толықтырылды. Модернизацияланған кітапханалар бүгінде жастардың шығармашылық әлеуетін арттыратын заманауи рухани орталықтарға айналуда.

Сонымен қатар, салада өз шешімін күткен мәселелер де бар. Бірқатар мәдениет үйлерінің ғимараттары күрделі жөндеуді қажет етеді. Қошанкөл және Қарасу ауылдық мәдениет үйлеріне қатысты жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті оң қорытындылар алынған. Кадр тапшылығы, күзет және қауіпсіздік мәселелері де күн тәртібінен түскен емес.

IMG-20260207-WA0027

Жиында мәдениет саласының қызметкерлері ауыл клубтарының жұмысын жандандыру, жас өнерпаздарды қолдау және жаңа шығармашылық жобаларды іске асыру бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Аудан әкімі көтерілген бастамалардың барлығы назарға алынатынын айтып, мәдениетті дамыту – ортақ міндет екенін атап өтті.

IMG-20260207-WA0023

— «Мәдениеті дамыған елдің мерейі әрдайым үстем». Казталов ауданында атқарылып жатқан жұмыстар осы сөздің айқын дәлелі. Рухани салаға салынған әрбір қаржы – болашаққа жасалған инвестиция. Биыл ауданда «Мен оқыған 30 кітап» атты І республикалық байқау өтеді. Осы бастаманы кеңінен насихаттап, аудан мәдениетінің өркендеуіне үлес қосуға шақырамын, — деді аудан әкімі.

Кездесу барысында бірқатар нақты ұсыныстар да айтылды. Айдар Тапашұлы Талдыапан Қараөзен ауылында көпбейінді мәдениет үйін салу қажеттігін көтерсе, Райса Ғаббасқызы «Қарлығаш» би ансамблінің 60 жылдығына орай республикалық байқау ұйымдастыруды ұсынды. Қатимолла Бердіғалиев Сағит Садықовтың 100 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту жөнінде пікір білдірді. Ал Дариға Ғабезқызы жас ақындарды қолдау мақсатында ақындар мектебін ашу бастамасын көтерді. Ахмедияр Қуанұлы ел қорғаған батырлардың ерлігін тарихи деректер негізінде насихаттауды ұсынса, Нұрлыгүл Өтемісқызы ауылдық клубтар мен мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасын күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ «Мен оқыған 30 кітап» жобасын авторлық құқық арқылы қорғау жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.

Осылайша, аталған кездесу Казталов ауданында мәдениет саласын жүйелі дамытуға бағытталған нақты қадамдардың бар екенін көрсетті. Рухани құндылықтарды дәріптеу, шығармашылық ұжымдарды қолдау және мәдени инфрақұрылымды нығайту – аудан дамуының маңызды басымдықтарының бірі болып қала бермек. Көтерілген ұсыныстар мен бастамалар мәдени өмірдің жаңа серпін алуына негіз болары сөзсіз.

Ернәсіл Рысқали

Казталов ауданы
--

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале