25.11.2025, 12:30
Оқылды: 147

Казталов ауданында маңызды мәселелер талқыланды

Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұловтың төрағалығымен кезекті әкімдік отырысы өтті. Аудан үшін өзекті мәселелер қаралған жиынға аудан прокуроры Ерлан Гаипов, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ернар Ілиясов, аудан әкімінің орынбасарлары, округ әкімдері, бөлім және мекеме басшылары қатысты.

IMG-20251125-WA0084

Алғашқы болып сөз алған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев мал азығының жиналуы мен қыстаққа дайындық барысын баяндады. Аудан бойынша 2025–2026 жылдардағы қыстаққа 187 712 шартты мал басы кіреді деп жоспарланған. Осыған сәйкес 380,3 мың тонна мал азығы қажет. Өткен қыстан ауданда 162,7 мың тонна мал азығы қалған. Биыл шөп шығымы өте төмен болғандықтан, мал азығының біразы сырттан тасымалданған. Нәтижесінде 328 390 тонна шөп дайындалып, қажетті көлемнің 86,4 пайызы қамтылды. Қазіргі уақытта ауа райының қолайлылығына байланысты төрт түлік қыстаққа әлі кірген жоқ.

Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Талғат Хайдаров қатты тұрмыстық қалдықтар орнының жағдайы жөнінде баяндама жасады. Ал ветеринариялық нысандар құрылысының барысы туралы аудандық ветеринариялық станция директоры Нұрбек Ихсанов ақпарат берді. Биыл облыстық және аудандық бюджет есебінен бірнеше ауылдық округте мал молалары мен ветеринариялық пункттердің құрылысы басталған. Аудан басшысы құрылыс сапасын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Мұқанова салық түсімдерінің орындалуы жөнінде баяндама жасады. Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы барлық ауылдық округ әкімдеріне салық түсімін арттыру және есепті нақтылау жөнінде тапсырма берді.

Такси қызметін заңдастыру мәселесі бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерлан Аронов ақпарат ұсынды. Жиында заңсыз жолаушы тасымалдаушылар қызметін реттеу, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселелері көтерілді. Бұл бағытта аудандық полиция бөлімшесінің бастығы Ақылжан Мендіғұлов пен мемлекеттік кірістер басқармасы өкілдері сұрақтарға жауап берді. Аудан басшысы бақылауды күшейтуді тапсырды.

IMG-20251125-WA0094

Жиында 2026 жылғы І жартыжылдыққа мерзімді баспасөзге жазылу жұмыстары да қаралды. Мәселе бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Мұханбетова, «Ауыл айнасы» газетінің бас редакторы Қайрат Есімғалиұлы және «Қазпошта» АҚ аудандық филиалының басшысы Айжан Айтқалиева баяндама жасады.

Отырыс соңында күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы хаттамалық бақылауға алынды.

 

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале