Адам жанына араша түсу екінің бірінің қолына келе бермес дүние. Алайда бұл дәрігерлер үшін жауапкершілігі мол іс. Өлім мен өмірдің арасында жан арпалысына куә болу, адам жанының тілін түсіну, оның ауруын зерттеп, емдеу жолдарын көрсету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл медицина саласы мамандарының қызметінің бізге белгілі сыры.
Маусым айының үшінші жексенбісі Халықаралық медицина қызметкерлері күні ретінде аталып өтіп келеді. Кәсіби мерекені казталовтықтар тұлғаға тағзым етуден бастады. Ауданымызда да талайдың жанын аман алып қалып, ақ халатты абзал жан деген атқа сай болған азаматтарымыз бар. Солардың бірі де бірегейі, бірнеше өңірде қызмет етіп, талай індетті ауыздықтаған – Сұңғатәлі Әліпов.
Бүгін Казталов аудандық ауруханасында Сұңғатәлі Әліповтың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, Сұңғатәлі Әліповтың немересі, облыстық телерадиокомпанияның ардагері Падиша Сұңғатова, Казталов аудандық ауруханасының директоры м.у.а. Зинұр Сәткеш, дербес бөлім басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Сұңғатәлі Әліпов 1909-1925 жылдары еліміздегі жұқпалы індеттерді жоюға ат салысқан, 1928-1941 жылдары ҚР денсаулық сақтау саласында лауазымды қызметтер атқарған азамат. Ол 1909 жылы Астрахань фельдшерлік мектебін үздік бітірген. Сонымен қатар «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен, Ұлы Отан соғысында «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Бүгін де ұрпақтары мен көзін көрген ауыл ақсақалдары тұлғаның еңбегін сөз қылып жүргені бар. Оның медицина саласындағы еңбегіне бала да болса куә болып, санаға түйген Падиша Есқайырқызы естелігімен бөлісіп, ескерткіш тақтаның орнатылуына атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдірді.
- Атам өз ісіне адал болатын. Ол еліміздің әр түрлі өңірінде қызмет етіп, талай жұқпалы ауруларды емдеуге үлесін қосты. Әлемді жайлаған індет те атамызды еске алуымызға бірден бір түрткі болды. Себебі ол індеттің белең алған ошақтарында жүретін. Өзінің мүгедектігі болса да, еңбектенуден еш талмайтын. Халқымыздың денсаулығын бірінші орынға қойып, үнемі ізденісте жүрді. Сонымен қатар тек медицинада ғана емес, ұсталыққа да жақындығы болды. Елінің нар тұлғалы азаматын халқы еске алып, ескерткіш тақта орнатып жатқанына ризамын. Бұған атсалысқан азаматтарға да алғысым шексіз. Оның ісіне тек біз ғана емес, күллі халқы куә, - деді ол.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, Казталов ауылдық «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы Мұқанғали Бектілеуов, ауыл ақсақалы Жұмажан Қиясов сөз алып, сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, Сұңғатәлі Әліпов хақында естеліктерімен бөлісті. Ал ескерткіш тақтаның шымылдығын ашу құрметі медицина саласының ардагері Ерсайын Тасболатов және Падиша Сұңғатоваға бұйырды. Сондай-ақ Сұңғатәлі Әліповтың ұрпақтары Казталов аудандық ауруханасының ұжымына естелік сыйлық табыс етті.
Тағзым ету рәсімінен соң шара қонақтары медицина саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған шараның куәсі болды. Сала мамандарының құрметіне аудандық Сағит Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында мерекелік концерт ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарламаға аудан әкімі Альберт Есалиев, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, Казталов аудандық ауруханасының директоры м.у.а. Зинұр Сәткеш қатысты. Аудан әкімі Альберт Темірболатұлы сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, дәрігер-педиатр Әлия Нәсіпқалиқызына БҚО әкімінің «Құрмет грамотасын», дәрігер-стоматолог Венера Ғилманова, анестезист медбике Алмагүл Жұмағалиева, емхана кіші қызметкері Самал Құрманалиеваға өз атынан алғыс хат табыстады. Мерекелік кеште Жанна Жардемалиева БҚО Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры Медхат Қамбетовтың алғыс хаты, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы, БҚО филиалының төрағасы Мазамбет Құсайыновтың «Құрмет грамотасымен» Казталов аудандық ауруханасының директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ботагөз Ғұмарова, УДЗ дәрігері Мадина Жұмышева, алғысхатымен емхана кіші қызметкері Алтынай Есқалиева, аурухана кіші қызметкері Айгүл Сұлтанова марапатталды. Ал Бостандық дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Венера Сейтқалиева, Әжібай фельдшерлік-амбулаториялық пунктінің медбикесі Алия Муфтуллина, Қараоба дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Ғалия Абдрахманова, көлік жүргізуші Махамбет Нұғманов Казталов аудандық ауруханасының директорының алғысхатымен марапатталды. Сондай-ақ салада біраз жыл қызмет еткен Майра Шарипованың 50 жас, Лариса Ищанованың 40 жас мерейтойы да ескеріліп естелік сыйлық, Бауыржан Құрманалиев, Гүлжамила Саримова, Гүлбарам Ғұсмановаға «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы, БҚО филиалының «Алтындар» шағын маркетіне 10 000 теңге сертификаты табысталып, мереке қарсаңында ұйымдастырылған спорттық шара жеңімпаздары марапатталды.
Мерекелік кешті сала мамандары заманауи флешмобпен, әсем әндерімен әрлесе, ауданымызға белгілі өнер майталмандары медицина қызметкерлерін әншашумен құттықтады.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы