1.05.2022, 10:20
Оқылды: 21

Казталов ауданында оқушылар арасында аймақтық пікірсайыс турнирі өтті

Казталов ауданында А.Оразбаева атындағы ЖОББМ-нің базасында Балалар жылына орай «Жаңа Қазақстан» атты 9 және 11 сынып оқушылары арасында батыс аймақтық пікірсайыс турнирі өтті. «Jas Otan» ЖҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының және Казталов аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен турнирге 30 команда, 60 оқушы қатысты.

1151015B-BB87-47E9-A2C9-22FE934D1061

30 сәуір күні Ақтөбе, Атырау облыстары, Батыс Қазақстан облысының Орал, Ақсай қалалары мен аудандарынан келген турнир қатысушылары мен төрешілерді А.Оразбаева атындағы ЖОББМ-нің ұжымы арнайы концерттік бағдарламамен қарсы алып, мектептің тынысымен және шежіреге толы мұражаймен таныстырды. Аталған білім ордасының мәжіліс залында турнирдің ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатына аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерболат Бекмулдин қатысты. Өз кезегінде сөз алған Ерболат Мұратқалиұлы «Жаңа Қазақстан» идеологиясын түсіндіріп, пікірсайысшыларға сәттілік тіледі.

1799EAA0-786B-4C58-BD95-EB94CEE6CC74

Алғаш рет өтіп жатқан аймақтық пікірсайыс турнирінде фракциялар «Үйренбейтін бала жоқ, үйрете алмайтын мұғалім көп» нарративіне өкінеді», «Жастардан әлеуметтік мәселелері мен материалдық тұрақсыздықтарына қарамастан патриоттық жауапкершілікті талап ету дұрыс емес деп есептейді», «Экономикалық белсенді халық көрсеткішін арттыру үшін мемлекет - әлеуметтік бағдарламаларға басымдық қоймау керек деп есептейді», «Жаңа Қазақстанда» жойылуы керек қазақстандық қоғамдағы бір стереотипті көрсетеді», «Балалар жылында жүзеге асырылуы тиіс «өзекті» жобаны ұсынады», «Қазақстандағы қайырымдылық қозғалыстарының арнайы немесе мемлекеттік қорлардың емес халықтың тарапынан белсенді көрініс тауып жатқанына өкінеді» және соңғы құпия болған қарар бойынша ойын өрнегін көрсетті.

Білімділер мен ұшқыр ойлы, жалындаған жастардың арасындағы пікірсайыс қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы, Байғанин ауданынан келген «Байғанин» фракциясы ІІІ орынды, Орал қаласының «Талап» фракциясы ІІ орынды иеленді. Аймақтық турнирдің үздіктері атанып, І орынға Ақтөбе облысының намысын қорғап келген «Икигай» фракциясы ие болды. «Үздік спикер» аталымына ақтөбелік Дильназ Серікова ие болса, М.Өтемісов атындағы БҚУ жанындағы «Ақиқат» пікірталас орталығының президенті Әсел Алдабергенова турнирдің «Үздік төрешісі» атанды.

3533F880-4D78-4CDD-98A0-53BFFCC41AD2

– ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың ұсынысымен 2020 жылдан бастап білім беру ұйымдарында пікірсайыс қозғалысы қолға алынып, арнайы үйірмелер ашылуда. Қазіргі уақытта осы пікірсайыс бойынша «Ұшқыр ой алаңы» республикалық штабы бар. Оның әр облыста филиалдары да өз жұмысын жасап жатыр. Мен 2021 жылдың қыркүйегінен бастап БҚО-дағы пікірсайыстың мектеп лигасын қолға алдым. Қазіргі таңда мектеп лигасы бойынша облысымызда 200-ден астам пікірсайыс үйірмесі және 3000-ға жуық пікірсайысшы оқушылар бар. Үш лига бойынша алға жылжу бар. Оның 33-і орыс лигасы, 3-уі ағылшын лигасы, қалған 202 лига қазақ лигасы болып табылады. Республикалық пікірсайыс рейтингі бойынша өңіріміз үздік үштіктің құрамында. Осы уақытқа дейін облыстық, республикалық турнирлерді өткіздік. Ал аймақтық турнир Казталов ауданында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Пікірсайыс қозғалысы - академиялық объект. Бүгінгі таңда әлі де зерттелуде. Біз халықаралық американдық парламенттік формат (АПФ) және британдық парламенттік форматымен (БПФ) ойнаймыз. Халықаралық форматтардың өзіндік ерекшеліктері бар. Осыны ескере отырып, бүгінгі турнирде ойынның әділдігі, ашықтығы үшін алғаш рет «Тabbycat» деген пікірсайыс бағдарламасын қолдандық. Бұл бағдарлама да батыс аймақтың тәжірибесінде алғаш рет қолданылып отыр. Бұған дейін еліміздің астанасында өткен республикалық турнирде қолданылған болатын, - дейді өңіріміздегі мектеп лигасы жөнінде баяндап, турнирге баға берген БҚО бойынша мектеп лигасы пікірсайыс қозғалысының координаторы, турнирдің бас төрешісі Ақерке Шайқы.

92FF7DC7-2DB2-4549-B77B-9093ACFF0C3C

Пікірсайыс турнирінің финалдық ойындары мен марапаттау рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова да өз пікірімен бөлісті.

– ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстанның болашағы білімді жастардың қолында» деген ұранды сөз қалдырғаны бар. Қала берді күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деді. Ал, Жаңа Қазақстанды бірге құруға атсалысатын бүгінгі жас ұрпақ мектеп қабырғасында, арнаулы және жоғары оқу орындарында білім алып жүрген жастарымыз. Қазіргі таңда келешек ұрпақ үшін түрлі реформалар жүзеге асып, бірқатар бағдарламалар қолға алынды. Соның бірі - пікірсайыс. Бүгінгі пікірсайыстан қатысушылардың ой ұшқырлығын, сөздік қорын, тіл мәдениетін, өзін ұстай білуін байқадым. Өте тамаша идеялар айтылып, философиялық көзқарастар айқын байқалды. Осындай білімділер додасы алдағы уақытта да жалғасын таба берсін демекпін, - деді ол өз сөзінде.

06BFA4C3-868C-4328-ABDD-8AC4AAC93D39

Турнирге қатысушылар арнайы алғысхаттармен, жүлдегерлер арнайы дипломдармен, кубоктармен, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале