

“Өсу векторы” жобасы аясындағы “Білім сапасы: ізденіс, тәжірибе, нәтиже” тақырыбындағы облыстық семинар мектептердің тәжірибесін саралап, жаңашыл бастамаларын ортаға салған мазмұнды алаңға айналды.
Алқалы басқосуға Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысы Елдос Сафиуллин және облыстағы барлық 12 ауданның өкілдері - білім беру бөлімінің әдіскерлері мен мектеп директорлары қатысты.
Бұл кездесуде білім саласындағы серпінді жобалар көрсетіліп, жаңа идеялар айтылды.
”Жетістіктер аллеясында” ауданның білім саласындағы табыстары таныстырылып, республикалық деңгейдегі жетістіктерге шолу жасалды. Бірқатар білім ордаларының көрмелері көпшілік назарына ұсынылды. Семинарда жобалар ортаға салынып, спорттық-шығармашылық алаңда ұлттық ойындар мен үйірме жұмыстарының көріністері ұсынылды.
Әдеби-рухани бөлім қонақтарға ерекше әсер қалдырды. Домбырамен орындаған Абай термесі, қарасөздерден үзінді оқу, ұстаз бен шәкірт арасындағы тағылымды диалог рухани сабақтастықтың шынайы көрінісі болды.
Жас мамандардың “Самғау” клубы, “Сен.Мен.Сәт” жобасы және “Жас шабыт” театрының мюзиклі – жас буын ұстаздарының шығармашылық қабілетін айқындады.
«Қыз Жібек» термешілер ансамблінің ұстаздарға арналған өнері жүректерге жылулық сыйлады. Ал ауданның білім саласында атқарылған жұмыстар туралы бейнеролик өткен жол мен бүгінгі жетістікті сабақтастырды.
Семинардың ресми бөлімінде аудан әкімі мен облыстық білім басқармасының басшысы ізгі лебіздерін білдіріп, жүйелі жұмыстың нәтижесін жоғары бағалады.
Сондай-ақ Көшбасшылар қауымдастығының жұмысы таныстырылып, әнұраны орындалды.
Жұлдыз Асқар,
"Жайық Пресс"