Бүгін Жалпақтал ауылындағы Спорт кешені ауласында орналасқан «Ту тұғыр» алаңы алдында мекеме-ұйымдар ұжымының қатысуымен Республика күніне арналған «Мәңгілік жаса Қазақстаным» атты мерекелік челлендж өтті.

Айтулы шарада Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимні орындалып, еліміздің аспан түстес көк Байрағы биіктегі өз тұғырына салтанатпен көтерілді.

Қазақ елінің тәуелсіздікке бағыт алуының заң жүзіндегі бастауы мемлекеттің егемендігі туралы декларациясы қабылданған 1990 жылы 25 қазаннан басталған болатын. Міне, осыдан кейін сан ғасырлар бойы ата-бабаларымызға арман болған егемендікке — еңбек сүйгіш халқымыздың қолы жетті.

Дербес еліміздің сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімін арттыруға бағытталған Республика күнінің мерекелік шарасында сөз алған Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғаділбек Әлібеков ауылдастарды ұлық мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жолдаса, Мәдениет үйінің әншісі Донеділ Қазиуллин Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындап, халықпен бірге шырқады.

1991 жылы Қазақстан елі әлемге өз тәуелсіздігін жариялап, жаңа дәуір тарихын жазды. Егемендік алған халықтың ынтымағы Отанымызды мызғымас тәуелсіз мемлекетке айналдырды. Бүгінгі таңда береке мен бірлік, татулық пен келісім — тәуелсіз мемлекеттің жетістігі және өркениет көшіне ілесудің тікелей кепілі болып табылуда.

Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы