7.12.2024, 16:00
Оқылды: 198

Казталов ауданында «Сана» оқырмандар клубы ашылды

Бүгінде рухани қазынаның орнын телефонға алмастырған заманда өмір сүріп жатырмыз. Расыменде де желіге жармасқан жастардың кітап оқуға деген құлшынысы бәсеңсіп қалғаны, тіпті көпшілік жас буынның мүлде кітап оқымайтынын жасыра алмаймыз.

«Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесімен бірдей» деген екен әйгілі Лев Толстой. Осы ретте кітаптың рухани азық қана емес, түсінген адамға сырлас дос, өзіңді тану  екендігін ұғындыруды мақсат тұтқан Казталовтың түлегі Мидхаттың есімі бәрімізге таныс. Белсенді жас Батыс Қазақстан облысы бойынша «Ауылға Кітап ал» жобасының жетекшісі. Міне сол туған елдің түлегі Мидхаттың бастамасымен, аудандық жастар ресурстық орталығының қолдауымен Казталов ауданында тұңғыш рет «Сана» оқырмандар клубы ашылды.

FB_IMG_1733544569181

Ашылу салтанатында аудандық ресурстық орталығының директоры Мұқағали Шоқпанов: «Жастарымыздың рухани тұрғыда дамуына септігін тигізетін осындай орталықтың ашылуы бәріміз үшін қуантарлық жайт. «Наданмен қас болғанша, кітаппен дос бол» деген даналы сөз бар. Ендеше, ауданның барлық жастарын оқырмандар клубына шақырамын», - деді.

Сондай-ақ «Аманат» партиясы  Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұржан Аткешов, А.Оразбаева мектебінің директоры Марал Төлекенова сөз алып, жалынды жастардың өз бетімен ізденуге, рухани дамуға белсенділігін арттыруға көзделген клубтың жұмысына сәттілік тілеп, жастардың жарқын бастама, тың идеяларын қолдауға дайын екендіктерін айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Ал орталық кітапхананың жастары: «Білім-ғылым іздеген, рухани дүниенің құпиясын ашпаққа ұмтылған оқырманның табылар жері – киелі кітапхана. Өзінің айтар ойы бар өрелі оқырман жастар біздің кітапханада бас қосып, осындай кездесулер қазанында рухани қазына қайнаған киелі орында ұйымдастырылса» - деген ұсыныстарын білдірді.

Мидхат қоғамдық жоба жетекшісі ретінде көп дүниені ортаға ашып айтты. -Мәселен, бұл клубқа мүше болуы үшін де кітапқұмар болу маңызды емес. Бүгінгі сәт мен үшін тарихи күн. Өз туған ауданымда тұңғыш рет оқырмандар клубын ашылғанына куә болып тұрмын. Бұл ортаға түрлі саладан келіп бас қосады. Қандай саладан келсеңіз де, адам баласының оқыған дүниесі бір арнаға келіп тоғысады. Сол арқылы әр адам рухани азықтанып, сөйлеуі де, ісі мен әрекеті де өзгеріп, жалпы өз-өзің танып біледі. Сол себептен де кітап баршамыздың досымызға айналуы керек. 3-4 жыл уақыт ішінде рухани қазынаны жаныма серік еттім. Іздендім. Іздедім. Әр мәселенің, әр сәттің шешімін таптым, -деді өз сөзінде. Бәлкім, бүгінде Мидхаттың кітапқұмар жанға айналып, рухани жобалардың авторы болуына да өзі оқыған бір кітап азық болған шығар деп түйіндедік.

FB_IMG_1733544561909

Рухани отырыс соңында «Ауылға Кітап ал» жобасының жетекшісі Мидхатқа ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Уәлиевнаның атынан алғысхат пен естелік сыйлық табысталды.

Жалпы, кез-келген жас клубқа мүше бола алады. Бұнда қазақ әдебиетінен бастап әлем классикасына дейінгі шығармаларды, мотивациялық, жалпы түрлі жанрдағы кітаптарды оқып, жан-жақты талқыланады, түсінген-түйгендірін ортаға бөліседі. Бұл жобада алар түйін мол. Бірінде келген жастар бос уақытын пайдалы өткізіп, жаңа достар табады. Екіншісі рухани азықтанып, білім көкжиектерін кеңейтеді.

Оқырмандар клубы білім іздеген жастар арасынан сапалы орта құрып, түрлі тақырыптағы кітаптар оқып, білімді терең меңгертуді, дамытуды, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды, кез-келген жасты жігерлендіріп, креативті идеялармен кездесулер өткізу мақсатын көздейді.

Клуб мүшелігіне талапты әрі өзі қызығып келген ерікті оқырмандарды қабылдайды. Сіз де білім алып, өзіңізді таныңыз! Рухани азықтануға асығыңыз, ақылды жас!

Жұлдыз Асқар

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале