Мемлекет басшысы кәсіптік білімді реформалаудың экономиканы дамытудағы маңызды рөлін айқындап, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады.
Осы орайда Казталов аудандық Мансап орталығы мен Казталов аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Орал қаласындағы «Алтын Орда» мәдениет үйінде студенттермен кездесу өтті. Шараға облыс орталығындағы әртүрлі оқу орындарынан 200-ден астам студент қатысты.
Жалпы, кездесудің мақсаты — жұмысшы жəне техникалық мамандықтардың дəрежесі мен мəртебесін арттыру, кәсіптік-техникалық білім беру саласына ерекше көңіл бөліп, жастарды ауданымызға әр салаға жұмысқа тарту. Сондай-ақ, еңбек нарығына бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау.
Кездесуге Казталов аудандық Мансап орталығының директоры Эльмира Сармалаева, Сағит Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығының директоры Асхат Нығметов, Казталов аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Мұқағали Шоқпанов, Казталов аудандық ауруханасының бас медбикесі Гүлнара Дүйсеғалиева спикер ретінде қатысып, Казталов ауданындағы жастарға арналған жобалармен таныстырды.
Кездесу барысында жастарды мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау, жұмысқа орналастыру үшін арналған «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім шарты» бағдарламалары, «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» бағдарламасы аясында түсінік беріп, мемлекеттік грант, Тәуелсіздік ұрпақтары гранты, 2,5 пайыз несие, «Zhas Project» жобалары бойынша ақпарат берілді.
Ұйымдастырушылар студенттерге туған жерден дәм ретінде құрт тарту етіп, арнайы брошюралар таратты.
Кездесуде Казталов ауданына келіп, өз мамандықтары аясында алғашқы еңбек баспалдағын бастауға ниетті студенттер өз көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды.
Нұр Рахман
Казталов ауданы