Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылының» тағы бір кейіпкері - Казталов ауданына қарасты Көктерек ауылының тұрғыны Арман Жұбатқалиев. Арман Есқайырұлы 40 жылға жуық аудандық су шаруашылығы саласында қызмет жасап келеді.
Кейіпкеріміз 1965 жылы Көктерек ауылында дүниеге келген. Бала күнінен Сарыөзен жағасында өскен Арманның арманы — су маманы болу еді. Сол кездегі кеңшар, ұжымшарлар жайылмалар мен лимандарға су шығарып, егін егіп, мол өнім алатын. Өзен, көлдердің бойы төрт түлік малға толы болатын. Мұның бәрін көріп, жетілген Арман туған елі үшін қызмет жасауға бел буады. Ол арман қуып 1986 жылы Алматы қаласына аттанады. Бала күнгі мақсаты орындалып, сол жылы Алматы гидромелиорация техникумына оқуға түседі. Осы жерде айта кетуіміз керек, Арман Есқайырұлы 1986 жылы Алматы қаласында орын алған «Желтоқсан көтерілісіне» қатысқан. Студенттермен бірге алаңға шығып, Қазақстанның тәуелсіздігінің негізін қалаған азамат.
1988 жылы оқуын аяқтағанан кейін, туған ауылына оралады. Ауылға келісімен, кеңшарға гидротехник маманы болып қызметке тұрады. Ағамыз сол кезеңнен бері су шаруашылығы саласында ұзақ жыл қызмет атқаруда.
Арман Есқайырұлы 2005 жылдан бастап аудандық коммуналдық шаруашылық кәсіпорны жанындағы Таза су мекемесіне жұмысқа тұрды. Күні бүгінге дейін Таза су қондырғысында оператор болып, көктеректік ағайынды таза ауыз сумен қамтуға атсалысып келеді. Жан жары Нұрсәуле екеуі отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
Ұзақ жылдар бойы аудандағы су шаруашылығына еңбегі сіңген Арман Есқайырұлының еңбек жолы көпке үлгі.
Нұр Рахман
Казталов ауданы