Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Жалпақтал ауылдық кітапханасында аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі тұрғын үйге мұқтаждық мәселесін көтерді.

Айта кету керек, өткен жылдың мамыр айынан бастап тұрғындарды тұрғын үй кезегіне қою және баспана беру құзыреті жергілікті атқарушы органдардан «Отбасы банк» АҚ-ға берілген. Қазіргі таңда аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 1143 адам тіркелген.
Аудан әкімі аталған өзгеріс тұрғын үй кезегінің жылжуына белгілі бір деңгейде қиындық туғызып отырғанын атап өтті.

— Бүгінде тұрғын үй кезегіне тұру және баспана беру мәселесі «Отбасы банк» АҚ арқылы жүзеге асырылуда. Бұл жүйе аудан тұрғындарының кезегінің жылжуына кері әсерін тигізіп отыр. Аталған мәселе бойынша құзырлы органдарға тиісті ұсыныстар мен хаттар жолданды. Сонымен қатар, депутаттар алдында да бірнеше рет көтерілді. Жалпы тұрғын үй заң талаптарына және белгіленген кезектілік тәртібіне сәйкес беріледі, — деді аудан әкімі.
Қабылдау барысында тұрғындар тұрақты жұмыспен қамту, жер телімін алу мәселелері бойынша да өтініштерін білдіріп, нақты жауаптар алды.
Асылбек Нәсіпқали
Казталов ауданы