6.08.2025, 12:00
Оқылды: 414

Казталов ауданы: Өзге ұлт өкілдері халқымыздың құндылығын сіңіріп, өздерін нағыз қазақ сезінеді

Құт дарыған киелі мекенде 130-дан астам ұлт өкілдері бүгінде халықтың шексіз мейірімділігің арқасында бір шаңырақ астында берекелі, бейбіт тіршілік етіп келеді. Тағдыр тәлкегімен қоныс аударып, қиын-қыстау кезеңдерде өзге этнос өкілдеріне қазақ халқы кеңпейілдік көрсетіп, құшақ жая қарсы алды. Еліміз түрлі ұлт өкілдерінің басын біріктіріп, татулық пен бірліктің, өзара достық пен ынтымақтың ұйытқысы бола білді.

«Кеңпейіл қазақ халқына алғысым шексіз» – Мазгутов

photo-output

Қонақжай қазақ елі 130-дан астам ұлт өкілдерін бауырына басып, кеңпейілдік көрсетті. Қазіргі уақытта әр ұлт өзінің салт-дәстүрлерін ұстана отырып, бір шаңырақ астында ынтымақ, бірлігі жарасып, еліміздің дамуында ғұмыр кешіп келеді. Осы орайда өнер саласында қызмет етіп жүрген татар ұлтының өкілі, жалпақталдық Гаяз Фатихұлы Мазгутовпен тілдескен едік.
- Мен Жалпақтал ауылында дүниеге келіп, білім алып, енді қызмет жасап келемін. Қиын қыстау кезеңде қоныс аударып келген түрлі этностарға қазақ халқы өзінің кеңпейілдігі мен бауырмалдығын танытып, жанашырлығын көрсеткен болатын. Осындай қамқорлықтың арқасында еліміздің кең даласында барлығымыз тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Қасиетті киелі мекенде қазақ халқының салт-дәстүрін ұстанып, келген қонағыма адал асымды ұсынып келемін. Осы ретте қазақ халқын айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. “Бірлік болмай-тірлік болмас” деп бекер айтылмаса керек. Береке, бірлік болса ғана, еліміздің еңсесі биік, ергесі берік болады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, - деді.

«Бауырмал халыққа алғысымыз шексіз» – Хасан Сербиев

photo-output

Казталов ауданында қазақ халқына сіңісіп, үйлі-баранды болған өзге ұлт өкілдері баршылық. Солардың бірі – шешен ұлтының өкілі Хасан Сербиев.
- Мен қаймағы бұзылмаған Қайыңды ауылында дүниеге келдім. Өзара түсіністік пен сыйластықтың арқасында бейбіт өмір сүріп келеміз. Алысапыран кезеңдерде қазақ елі құшағын айқара ашып, төрінен орын берген болатын. Ең алдымен қонақжай қазақ халқына алғысымды білдіргім келеді. Қолда бардың қадірін біліп, татулық пен бейбітшілікті сақтап, келешек ұрпаққа жеткізейік. Бірлігіміз бекем, берекеміз баянды болсын, - деді.

«Қазақ еліне алғысым шексіз» – Татьяна Землянова

photo-output

Мен, Землянова Татьяна Иванқызы — Жапақтал ауылында туып, қарапайым отбасында тәрбиеленген қызбын. Отбасымда жолдасым Виктор, қыздарым Маргарита, Алена — бәріміз туған ауылымыз Жалпақталды жақсы көреміз. Әке-шешем де барлық өмірін осы Жалпақталда өткізіп, ел қатарлы еңбек еткен шаруа адамдар болды. Мен де осы ауылдың жергілікті тұрғыны ретінде оқып, білім алып, бүгінде «Қазгидромет» мекемесінің Батыс Қазақстан облысына қарасты Жалпақтал ауа райын қадағалау бекетінде ұзақ жылдан бері еңбек етіп келемін. Алдымен қарапайым кіші қызметкерліктен басталған еңбек жолым кейін бай тәжірибеге ұласып, бүгінде Жалпақтал ауа райын қадағалау бекетінің басшысы қызметін атқарудамын. 35 жылға жуық еңбек өтілім бар.
Жалпы, біздің елде, соның ішінде өзімнің туып өскен Жалпақтал ауылында ықылым заманнан бері халықтардың тату өмір сүру үрдісі кеңінен қалыптасқан. Біздер өзге ұлт өкілдері болсақ та, ауылдағы қазақ халқының ұл-қыздарымен бала күнімізден дос болып, тең дәрежеде тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Қазіргі егемендік алған тәуелсіз мемлекетімізде балаларымыз да, біз сияқты қазақтың ұл-қыздарымен дос болып, еркін білім алып, алаңсыз өмір сүруде. Үлкен қызым Маргарита Орал қаласындағы стоматологияда ассистент қызметін атқарса, кіші қызым Алена Жалпақталда өзіммен бірге еңбек етеді.
Бір жанұядай ұйысып, түрлі ұлт өкілдерімен тату-тәтті өмір сүріп жатқан қазақ елі қашанда аман, болашағы жарқын болсын!

Мейірім Парасат, Гүлнұр Бөлешова
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале