Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов Бірік ауылдық округіне қарасты бірнеше қыстақты аралап, Саралжын елді мекенінің тұрғындарымен кездесті.

Күні кеше ауданымызда қар жауып, ақ түтек боран борағаннан кейінгі қыстақтағы және шалғай ауылдар мен елді мекендердегі ағайынның хәлін білген аудан басшысы жұмыс сапары барысында маңызды мәселелерге назар аударды.
Қырдағы ағайынды түз тағысы мен киік мәселесі, мал ауруы мен ауа райының қолайсыздығы алаңдатып отыр. Ала жаздай шөптен қиналған шаруалар қыста малы қасқырдың ауызында кете ме деп қауіптенеді. Бұл мәселеге назар аударған аудан әкімі нақты шаралар қабылдау қажеттігін ескертті.
— Соңғы уақытта ауа райының күрт өзгеруі оңайға соқпасы анық. Алайда алыстағы ағайынның жағдайын үнемі бақылауда ұстап отырмыз. Өздеріңізге белгілі қасқыр мәселесіне қатысты аңшыларға малға қауіп төнген жағдайда атуға рұқсат берілді. Ал мал ауруының алдын алу, екпе жұмыстарын жүргізу мақсатында аудандық ветеринария станциясы мен округ әкімі аппараты бірлесіп жұмыстанып, профилактикалық жұмыстарды күшейту қажет, — деді аудан әкімі.

Аудан басшысы жұмыс сапары барысында «Мейірбек», «Алихан», «Әли», «Достық», «Игілік», «Достық-2» шаруа қожалықтарының иелігіндегі қыстарға барды. Ал саралжындықтар аудан әкіміне ауылға мейіргер қажеттілігін, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, мал моласын салу, мал ауруларының алдын алу, жаңа медициналық пункт салу сынды мәселелерді жеткізді. Асланбек Ахметоллаұлы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, нақты шешімдер қабылданатынын атап өтті. Сонымен аудан әкімі нің тұрғыны, 90 жастағы әже, тыл ардагері Сания Ғазизованың шаңырағында болып, тұрғын үйінің жағдайымен танысты.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы