28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов аудандық «Ауыл айнасы» қоғамдық-саяси газетінің шығармашылық ұжымын қабылдады.

Қабылдауға қатысқан газет ұжымына аудан басшысы Асланбек Ахметоллаұлы: «Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Казталов ауданында ақпараттық кеңістікті дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Аудан айнасына айналған «Ауыл айнасы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің 95 жылдық тарихы – сөз бостандығына, шынайы журналистикаға деген адалдықтың айқын үлгісі. Ауданымыздың ақпараттық кеңістігін қалыптастыруда және жергілікті саясатты қолдаудағы сіздердің үлестеріңіз орасан зор.
Баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық шабыт, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін!» деген ақжарма тілегін жеткізді.

Кездесу барысында аудан басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында, қоғамдық пікір қалыптастыруда, халықты дер кезінде сапалы ақпаратпен қамтамасыз етуде бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше екенін атап өтіп, тұрғындар мен билік арасындағы ашық диалогты орнатуға зор үлес қосып жүрген газет қызметкерлеріне алғысын білдіріп, «Ауыл айнасы» қоғамдық-саяси газетінің ұжымына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Қабылдауда «Ауыл айнасы» газетінің редакторы Қайрат Жақып ұжым атынан қабылдау жасаған аудан басшысына ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар Қайрат Есімғалиұлы «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Гүлнұр Бөлешоваға «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Дархан Оразовтың атынан келген алғыс хат пен 30 000 теңгенің сертификатын табыстады.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы