Бүгін Казталов ауданында аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың төрағалығымен актив отырысы өтті. Жиынға Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Азамат Боранбайұлы Құстанов қатысып, аудан прокуратурасына жаңа басшыны таныстырды.

Бас Прокурордың бұйрығымен Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының прокуроры лауазымына Ерлан Темірбекұлы Гаипов тағайындалды.
Азамат Боранбайұлы жаңа прокурорды аудан активіне таныстырып, оның кәсіби жолы мен тәжірибесіне тоқталып өтті. Сондай-ақ Ерлан Темірбекұлына жаңа қызметінде сәттілік, жауапты міндеттерді абыроймен атқаруға тілек білдірді.

Ерлан Темірбекұлы Гаипов 1988 жылы дүниеге келген. Прокуратура органдарындағы еңбек жолын 2010 жылы Ақмола облысы аудандық прокуратурасының іс жүргізушісі қызметінен бастаған. Кейін Ақмола облысының Аршалы және Бурабай аудандарында прокурордың көмекшісі, Ақмола облысы прокуратурасының басқарма прокуроры, Астана қаласының Сарыарқа ауданы прокурорының аға көмекшісі және бөлім бастығы лауазымдарын атқарған.
2019 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Жолданымдармен жұмыс және іс жүргізу департаментінің аға прокуроры, сондай-ақ Жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметі мен жасырын тергеу әрекеттерінің заңдылығын қадағалау департаментінің басқарма аға прокуроры қызметтерін атқарды. Прокуратура органдарындағы жалпы еңбек өтілі – 15 жыл.
Актив жиынында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов жаңа прокурорға алдағы жұмысына табыс тілеп, заң үстемдігін қамтамасыз ету мен қоғамдағы әділдік принциптерін сақтауда бірлесе жұмыс атқаруға дайын екендігін жеткізді.
Қайрат Жақып
Казталов ауданы