7.02.2026, 10:00
Оқылды: 5

Казталов ауданының жетістіктері мен алдағы міндеттері талқыланды

Орал қаласында Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұловтың спорт саласында еңбек етіп жүрген жерлестермен, жаттықтырушылармен, ардагер спортшылармен және сала мамандарымен маңызды кездесуі өтті.

FB_IMG_1770377834425

Басқосуда аудан спортының бүгінгі жетістіктері сараланып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды.
Кездесу барысында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Еламан Сағатұлы 2025 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде жан-жақты баяндама жасады.

FB_IMG_1770377836880
Өткен жыл Казталов спорты үшін табысты әрі нәтижелі кезең болды. Аудан спортшылары халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстарда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, ел абыройын асқақтатты.

— Тек 2025 жылдың өзінде аудан спортшылары республикалық жарыстарда 13 алтын медаль, халықаралық деңгейде 6 алтын медаль, ал облыстық бәсекелерде 110 алтын медаль иеленді. Бұл — жүйелі жұмыстың және спортшылар мен жаттықтырушылардың тынымсыз еңбегінің жемісі. Бүгінде ауданда 2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, 1 спорт кешені, 6 хоккей корты, 33 шағын футбол алаңы, 8 воркаут алаңы, бірнеше бокс залдары жұмыс істеп тұр. Ауыл тұрғындарының да спортпен тұрақты айналысуына барлық жағдай жасалуда. Бірқатар спорт нысандары демеушілер мен туған жер түлектерінің қолдауымен салынды. «Arnau Arena» спорт кешені, жаңа стрит-воркаут және волейбол алаңдары – ел азаматтарының туған жерге деген жанашырлығының жарқын үлгісі. Бұқаралық спортқа тартылғандар саны да жыл сайын артып келеді. Егер 2023 жылы 7 мыңнан астам адам спортпен айналысса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 10 мыңнан асты, — деді баяндамада.

FB_IMG_1770377840591

Кездесуде аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы спорт саласының тек жетістіктерімен шектелмей, алдағы мақсаттарға да ерекше тоқталды.
— Спорт – бұл тек жарыс емес, ол – тәрбие, тәртіп және елдік рухтың көрінісі. Біз әр ауылда балалардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасауымыз қажет. Жас чемпиондарды қолдау – болашаққа салынған инвестиция. Спортты дамыту арқылы дені сау ұрпақ қалыптастырамыз, — деді аудан басшысы.

Жиында аудандық спорт федерацияларын құру, спорт түрлерін жүйелі дамыту, жас спортшыларға материалдық және моральдық қолдау көрсету, ардагерлер спортын жандандыру мәселелері кеңінен көтерілді. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше назар аударылды. Көкпар, аударыспақ, бәйге, қазақ күресі сынды дәстүрлі спорт түрлеріне аудан жастарының қызығушылығы артып келеді.

Алдағы 2026 жылы жаңа турнирлер ұйымдастыру, ауылдардағы тозығы жеткен спорт алаңдарын жаңарту, спорт кешендерінің құрылысын кезең-кезеңімен бастау жоспарланып отыр. Бұл бастамалар аудан халқының спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға серпін бермек.
Кездесу соңында сала ардагерлері мен жаттықтырушылар өз ұсыныстарын білдіріп, аудан басшылығына көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыстарын жеткізді. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында Казталов ауданы алдағы уақытта да спорт саласында жаңа белестерді бағындыратынына сенім мол.

Ернәсіл Рысқали
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале