Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов халық алдында есеп берді. Жиынға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, округ әкімі Ернар Ғалымов және жергілікті мәслихат депутаттары мен бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Округ әкімінің есепті мерзім ішінде атқарған жұмысы туралы баяндамаға сүйенсек, Казталов ауылында бірқатар мәселелер оң шешімін тауып, көптеген ілкімді істер қолға алынған. Атап айтар болсақ, Казталов ауылы ішінде ішкі асфальт жолдардың шұңқырлары бітелсе, А.Оразбаева мектебіне техникалық су тарту және М.Ихсанов пен С.Сейфуллин көшелерінің қиылысынан және Ш.Мерғалиев көшесінен А.Оразбаева мектебіне дейін жаяу жүргінші жолдарын тарту жұмыстары орындалған.
Ауылдық округте жоспарлы жұмыстар өз кезегімен жүзеге асып келеді. Дегенмен, ауыл тұрғындарын алаңдатар күрмеуі қиын жұмыстар да жоқ емес. Жиында ауыл тұрғындары спорт кешенінің және «Нұрбалапан» бөбекжай балабақшасының алдына автотұрақ салу, жаяу жүргіншілер жолын жасақтау, ауылішілік жолдардың күтімі мен тротуарлар салу, Казталов-Қоныс ауылы бағытына жолаушы тасымалы үшін автобус шығару, мердігерлер жұмысындағы шалалық, мал айдайтын көшелерді белгілеу, мал бағымы, бұралқы иттердің көзін жою, ауыл тазалығы секілді көптеген мәселелер турасында сауалдарын жолдады.
Тұрғындар тарапынан жасалған ұсыныс-пікірлер мен сауалдар төңірегінде ауыл әкімі, аудан әкімі және тиісті сала мамандары жауап берді. Жиында аудан әкімі тұрғындарды автобус алуға жеке инвестор табу үшін сіз бен біз болып бірлесе жұмыстануға шақырды.
Жиын соңында тұрғындар жеке мәселелері бойынша аудан әкімі мен жергілікті мәслихат депутаттарының қабылдауында болып, толғандырған сұрақтарына жауап алды.
Әсем Халиуллина
Казталов ауданы