Өз кәсібін ашып, кеңейтемін жандарға «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы үлкен мүмкіндік беріп отыр. «Ауыл аманаты» – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтың әл-ауқатын, табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жүзеге асырылып жатқан бағдарлама. Сонымен қатар, бұл жоба ауылдық округі тұрғындарын жұмыспен қамтып қана қоймай, өз кәсібін ашып, оны кеңейтуге шақырады.
Құрылыстың шебері, Казталов ауылының тұрғыны Ақылбек Қабдығалиев үйінің ауласынан қаңылтырды өңдеп, профильді парақ шығаратын цех ашқан. 2015 жылдан бері ауыл түрғындарының сұранысына сай қаңылтырларды шығарып келеді. Бүгінде мемлекеттің қолдауымен «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайыз жеңілдікпен 9 млн. 200 мың теңге несие алып, кәсібін кеңейтіп, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. Құрылғылар арқылы әртүрлі профильді парақтар жасап шығаруға болады.
- Жас кезімде құрылыс саласында қызмет атқардым. Содан кейін 1992 жылы жеке кәсіппен айналысуға шешім қабылдаған болатынмын. Ең алдымен құрылыс саласына қажетті шита жасауды қолға алдым. Бүгінде заман талабына сай тұрғындарға қажетті қаңылтырларды, пофильді парақтарды жасап беремін. Осы жылы «Ауыл аманаты» жоба негізінде кәсібімді ширатуға қосымша станоктар сатып алдым. Қажетті шикізатты облыс орталығынан алдыртамын. Тапсырыстарды негізінен ауыл ішінде алып жатамын, алдағы уақытта көрші аудандармен жұмыс жасау ойымда бар, - дейді Ақылбек Қабдығалиев.
Гүлнұр Бөлешова,
Казталов ауданы