7.05.2025, 19:16
Оқылды: 202

«Казталов барысы» анықталды

Елімізде 2011 жылдан бастап ұлттық спортымыздың бір түрі қазақ күресінен «Қазақстан барысы» жобасы жүзеге асуда. Биыл да Астана күніне орай өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турниріне іріктеу кезеңі басталды.
7 мамыр — Отан қорғаушылар күні Казталов ауданы орталығындағы «Достық» саябағында қазақ күресінен «Казталов барысы» аудандық іріктеу кезеңі өз байрағын көтерді.

IMG20250507155329

Ұлттық және бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өтетін жарыста ауданымызға қарасты округтерден келген палуандар ортаға шақырылды. Бүгінгі жарыста палуандар «Өгіз палуан» жүлдесіне 90 келіге дейін және «Түйе палуан» жүлдесіне 90 келі жоғары салмақта бақ сынады.

IMG20250507154758
Іріктеу турнирдің ашылуында Қазақстан Респуликасының мемлекеттік Гимні орындалды. Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев жиналған көпшілік пен бозкілем шеберлерін Отан қорғаушылар мерекесімен құттықтап, палуандарға сәттілік тіледі.
Палуандар арасындағы жеребе суыру рәсімінен соң еңбек ардагері, аудан ақсақалы Илан Бекенұлы жарысқа қатысушы палуандарға «Жауырындарың жерге тимесін!» деп ақ батасын берді.

IMG20250507161014
Айта кетуіміз керек, «Казталов барысы» аудандық іріктеу турнирінің өтуіне спорт жанашырлары, ауданымыздың атымтай жомарт азаматтары Махамбет Тайгаренов пен Айдынбек Абитов қолдау жасап, қаржылай көмек берген болатын.
Сайдың тасындай іріктелген балуандар бозкілемге шақырылып, қызу жарыс басталды. Қатысушылар жеребе арқылы анықталған қарсыластармен күреске шығып, тартысты белдесу көрсете білді.

IMG-20250507-WA0103
Аудандық іріктеу кезеңінің нәтижесі бойынша 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде көктеректік Бекайдар Меңдешов қарсыласының бәрін жығып, «Түйе палуан» атанса, 90 келіге дейінгі салмақта мықты болған Бақытжан Амангелді «Өгіз палуан» жүлдесіне қол жеткізді.

IMG-20250507-WA0102
Іріктеу кезеңінде үздік нәтиже көрсетіп, «Казталов барысы» атағын жеңіп алған білекті палуанымызға алдағы облыстық жарыста да жүлдегерлер сапынан көрініп, республикалық бозкілемде бәсекеге түсіп, «Қазақстан барысы» атағын алуына тілекшіміз.

Нұр Рахман
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале