Казталов ауданында алғаш рет «Kaztalov-Invest» аудандық инвестициялық форумы өтті.

Шара аудан орталығындағы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылып, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тлепберген Ерсайұлы Қаюпов, Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Сапаргелдіұлы Өтепбаев, AQJAIYQ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация төрағасы Ержан Нұржанұлы Досмаков, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ БҚО бойынша аймақтық филиалы басшысы Тарас Ярославович Шальга, «СММ Бизнестех» ЖШС директоры Жанаргүл Оразғалиқызы Дүйсенова, облыстық басқарма басшылары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім және мекеме басшылары, округ әкімдері, кәсіпкерлер мен шаруа қожалық жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты.

Форумның басты мақсаты – ауданға инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жобаларды жүзеге асыру. Бұл қадам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттермен толық сәйкес келеді. Президент елімізге қомақты қаржы тартудың, орта және шағын инвесторларға жағдай жасаудың маңызын атап өткен болатын.

Сонымен қатар, форум мазмұны «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында белгіленген «Қуатты әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін экономика» және «Түлеген ауыл, ауқатты ауыл тұрғыны» бағыттарымен де үйлесім тапты.

Ауданымыз үшін маңызы басым форум жұмысы жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерінен көрмемен басталды. Көрмеде өз өнімдерін ұсынған кәсіпкерлерді атар болсақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алып, Казталов ауылында шатырға қажетті қосалқы бөлшектер өндіретін «Қабығалиев» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Ақылбек Қабдығалиев, Қараоба ауылында ет өнімдерінен (шұжық) өндірісін бастаған Аяужан Самиғоллақызы, Бірік ауылдық округіде құс шаруашылығын ашқан «Манас» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Манас Асылханұлы. Көрмемен танысқан Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тлепберген Қаюпов кәсіп иелерінің өнімдеріне оң бағасын берді.

Форумға модератор болған Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов форум қонақтары мен қатысушыларға «Қош келдіңіз!» айтып, форумның негізгі мақсатына тоқталды.
—Бүгінгі басқосуымыз еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталған маңызды шара болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Инвестиция тарту – орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс» деп атап өткен еді. Сондықтан бүгінгі форум – ауданымыздың әлеуетін танытып, жаңа серіктестіктерге жол ашатын, ортақ мақсатқа қол жеткізуге арналған тиімді алаң болмақ,- деді Асланбек Ахметоллаұлы.
Алғаш болып сөз алған Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тлепберген Ерсайұлы: — Алдымен, сіздерді облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының атынан ауданда өтіп отырған алғашқы инвестициялық форумның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл форум ауданымыздың әлеуетін танытуға, жаңа жобаларды іске асыруға және инвесторлармен тиімді әріптестік орнатуға арналған үлкен алаң. 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Мемлекет басшысының Жолдауында еліміз үшін жаңа инвестициялық кезеңнің басталғаны айтылды. Енді негізгі басымдық өңдеу өнеркәсібін, жоғары технологияларды және жасыл экономиканы дамытуға берілмек. Осы бағытта облыс әкімдігі ауданмен бірлесе отырып, инвесторларға барлық жағдай жасауға дайын. Казталов ауданы ― ауыл шаруашылығына қолайлы жері бар, еңбекқор халқы бар, табиғи мүмкіндігі мол өңір. Бұл әлеуетті дұрыс пайдалану арқылы біз ауданның да, облыстың да дамуына серпін бере аламыз. 2025 жылдың 8 ай қорытындысы бойынша негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 393,4 млрд теңгені құрап, 2024 жылғы сәйкесті кезенімен салыстырғанда 5,4% арттып отыр (2024 жылдың 8 ай - 355,3 млрд теңге). 2025-2029 жылдарға аудан бойынша агроөнеркәсіп кешен саласында және қызмет көрсету саласында жалпы құны 1,8 млрд. теңгеге 9 жоба жүзеге асыру жоспарда бар, – деп атап өтіп, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Форумның пленарлық отырысында мемлекеттік қолдау тетіктері мен кәсіпкерлікті дамыту жайында баяндамалар тыңдалды.
«Казталов ауданында кәсіпкерлік саласының дамуы туралы» аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев, «Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары туралы» Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев, ««AQJAIYQ» ӘКК (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы)» АҚ тарапынан кәсіпкерлерге берілетін қолдау шаралары туралы» AQJAIYQ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация төрағасы Ержан Досмаков, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан кәсіпкерлерді қолдау жөнінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша аймақтық филиалы басшысы Тарас Шальга, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша аймақтық филиалының қаржылай қолдау бөлімінің менеджері Бағдат Утебалиева түсіндіріп, қатысушылардың сауалдарына жауап берді.

Ағымдағы жылдың18-20 шілде аралығында Қытай Халық Республикасының Циндао қаласындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Көрме аймағында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Халықаралық инвестициялық және сауда көрмесі өткен болатын. Аталған көрмеге облысымыздан, ауданымыздан да делегаттар қатысып, тәжірибе алмасты. Осы орайда «Шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында Қытай мемлекетімен кәсіпкерлік байланыс орнату туралы» «СММ Бизнестех» ЖШС директоры Жанаргүл Дүйсенова мәлімет берсе, «Егістік алқаптарда биотыңайтқыштарды енгізу технологиясы» жөнінде «Олжа Сервис» ЖШС директоры Ерғазы Дүйсенов кеңінен түсінік берді.
Сонымен бірге форумда ауданымызда ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында жемісті еңбек етіп жатқан азаматтар өз тәжірилерімен бөлісті. Атап айтсақ, Ақпәтер ауылдық округінде мал азығы қорын арттыру мақсатында екпелі шөп өсіріп, өнім алып жатқан «Ер-Қожа» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Самат Хасанов, Қараоба ауылдық округінде дайын өнім өндіруге мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелеткен «Даяр» жеке кәсіпкерлігінің негізін қалаушы Жанайдар Рысқалиұлы, мемлекеттік қайтарымсыз грант және «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алып құс шаруашылығын дамытып отырған Манас Асылханұлы форумда баяндама жасады.
Мемлекет басшысы биылғы жолдауында отандық туризмді дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берген еді. Осы бағытта өңірімізде бірқатар нәтижелі істер қолға алынуда. Соның айқын дәлелі – Сокрыл көлі жағасында демалыс аймағының құрылып, «Ақкөл» қонақ үйінің бой көтеруі. Ауданда туризм саласын дамытуға атсалысқан жеке кәсіпкер Сұлтан Сартаев жаңа кәсібі туралы айтып берді.
Маңызды сәттердің бірі – округ әкімдері мен кәсіпкерлер арасында жалпы құны 1 млрд 133,4 млн теңгеге тең 13 жоба бойынша меморандумға қол қойылуы болды.
«Kaztalov-Invest» I аудандық форумы – ауыл экономикасын дамытуға бағытталған жаңа кезеңнің бастауы. Жобалар жүзеге асқан жағдайда кәсіпкерлікке қолдау артып қана қоймай, ауыл туризміне де тың серпін бермек.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы