Өткен жылы ауданда «KAZTALOV-INVEST» I аудандық инвестициялық форумы аясында жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрайтын 14 жоба бойынша меморандумдарға қол қойылған болатын. Соның нәтижесінде бүгін алғашқы жоба жүзеге асып, «Азамат» шағын маркеті ел игілігіне пайдалануға берілді.

Құны 22 млн теңгені құрайтын нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрсұлтан Серік, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асланбек Мұстахимов және Қайыңды ауылдық округінің әкімі Айбол Ғұбашев қатысты.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген Нұрсұлтан Қаримоллаұлы шағын маркеттің ашылуы Мемлекет басшысының инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі тапсырмаларының жергілікті деңгейде нақты іске асып жатқандығының айқын көрінісі екенін атап өтті.
— Нысанның ашылуы ел экономикасының тірегі саналатын шағын және орта бизнестің нақты нәтижесі, табанды еңбектің жемісі. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың инвестиция тарту, өңірлердің экономикалық дербестігін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі тапсырмаларының жергілікті жерде жүйелі орындалып жатқанын айқын көрсетеді. Президентіміз атап өткендей, ел экономикасының беріктігі әр өңірдегі нақты жобалар мен жаңа жұмыс орындарының ашылуына тікелей байланысты, — деген аппарат басшысы жаңа нысанның бой көтеруі елдегі саяси өзгерістермен тұспа-тұс келіп отырғанын жеткізді.
— Бүгінгі ашылу салтанаты еліміздегі маңызды саяси кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – мемлекет дамуының жаңа бағытын айқындайтын жауапты кезең. Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі жалпыхалықтық референдум – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы тарихи қадам. Конституциялық өзгерістер ел басқару ісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, өңірлердің дамуына тың серпін беретіні сөзсіз. Осындай саяси жаңғыру кезеңінде іске қосылып отырған бұл нысан ел тұрақтылығы мен экономикалық дамудың өзара сабақтастығының дәлелі. Саяси реформалар мен экономикалық бастамалар қатар жүріп, бірін-бірі толықтырғанда ғана мемлекетіміздің іргесі берік, болашағы баянды болмақ, — деді ол.

Аталған жоба жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, ауыл тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
— Бүгін ауылымыз үшін маңызды күн. Осындай заманауи, таза әрі ыңғайлы шағын маркеттің ашылуы тұрғындарға үлкен қолайлылық жасап отыр. Енді күнделікті тұтынатын азық-түлікті өз ауылымыздан аламыз. Бұл уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Кәсіпкердің бастамасына ризамыз, ауылымыз көркейе берсін, – деді ауыл тұрғыны Алима Абдрахманова.

Ғалия Тажиеваның бастамасымен салынған шағын маркетте азық-түлік, шаруашылық тауарлары мен киімдер сатылады.
Асылбек Нәсіпқали
Казталов ауданы