«Жол азабы – көр азабы» деген атам қазақ. Жолдың жайын жүрген біледі. Кез келген елді мекеннің гүлденуі мен дамуында тас жолдың алатын орны ерекше.
Шыны керек, облыс орталығынан 550 шақырым қашықтықта жатқан ең шалғай Бөкей ордасы ауданы тұрғындары жел болса, ақ будақ шаң аспанға көтеріліп, жаңбыр жауып, қар ерісі, тізеден су мен батпақ кешетін, әсіресе күз бен көктемде жолдан тартатын азабы аз емес. Иә, облыс орталығына қатынау үшін жүретін жолдың 300 шақырымына жуық тас жолы мүлде жоқ бөкейлік ағайын ауа райының қолайсыз мезгілінде толарсақтан саз кешіп келе жатырғандығын бұл өңірге келген адам біледі.
Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облысымызға жұмыс сапары барысында Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына жол салу мәселесінің қозғалғаны бөкейліктерді зор қуанышқа бөледі. Енді, міне, бір аптаға жуық уақыт өтпестен Президент тапсырмасына сәйкес, күре жолдың жағдайымен танысуға «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Берік Желдібаев, ҚР инвестиялар және даму министрлігінің автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сайран Бармақов, «ҚазЖолҒЗИ» АҚ вице-президенті Ербол Айтбаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ сапаны бақылау департаменті директоры Дмитрий Бессонов сынды азаматтар ауданымызда болды. Сапар барысында, жыры көп жолдың жағдайын қарап, аудан аумағындағы жол салуға қажетті шикізат көздерін тексерді.
Көпшіліктің көкейінде жүрген арман-үмітін жалғамақ ниетте келген атқамінер азаматтарға аудан ақсақалдары Елбасының атына аудан тұрғындарының алғыстарын жеткізуді өтініп, салынар жолдың басты орында сапасына ерекше көңіл бөлуді сұрады. Моншақты жіпке тізгендей тізбектесек, алдағы 3-4 жылда салынатын тас жол Қазталов-Өнеге-Бисен-Сайқын бағытында жүргізілмек. Алла қаласа, келер жылы Сайқын бағыты арқылы да басталып, 35 шақырым жол жүргізіледі деп күтілуде. Әрі қарай, бөлінген қаржы мен жоспарға сай жалғаса бермек.
Исатай Құрмашев
Бөкей Ордасы ауданы