6.02.2019, 17:56
Оқылды: 17

Қазталовқа халық қалаулылары барды

Бүгін Қазталов ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Марат Бопазов пен Артур Платонов келді.

qaztalov (1)

         Депутаттарды қарсылап алған аудан әкімі Абат Шыныбеков оларды «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2017 жылы салынған коммуналдық-жалдамалы 22 үйге апарды. Жаңа үйдің бірінде тұратын жас маман Әсем Бекжанованың шаңырағында болған депутаттар пәтердің сапасына оң баға берді. Айта кетейік, бұл үйлердің құрылысына облыстық бюджеттен 166 млн. 355 мың. теңге қаражат бөлінген болатын. Былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған екі қабатты 12 пәтері бар тұрғын үй Жалпақтал ауылында да пайдалануға берілді. Ол үйдің құрылысына 112,6 млн. теңге қаражат жұмсалған. Осы бағдарлама аясында биыл Қазталов және Жалпақтал ауылдарында 12 пәтерлі 2 үйдің құрылысы басталады деп жоспарлануда.

         Бұдан соң Мәжіліс депутаттары «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде аудан жастарымен кездесті. Депутаттар олардың сұрақтарына жауаптар беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жастар «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, осы бағдарламамен үй алу үшін бухгалтер, полиция, өрт сөндіруші, журналист сияқты мамандықтарды қосуды және Жастар жылында жастарға арнап баспана салуды ұсынды.

         Халық қалаулылары аудан орталығындағы жаңадан жабдықталған балалар шығармашылығы және жаңа технологиялар орталығында атқарылып жатқан жұмыспен танысты. Аталған орталықтағы 20 үйірмеге 780 оқушы қатысады. Орталықта қолданбалы өнер, интеллектуалдық ойындар, ғылыми-техникалық, IT сыныбы, би және басқа да үйірмелер жұмыс жасайды.

         Ауданда былтыр қолданысқа берілген нысандардың бірі – балалар саз мектебі. Номиналдық қуаты 24 оқушыға арналған саз мектебінің құрылысына облыстық бюджет есебінен 87 млн. 615,9 мың теңге бөлініп, құрылысы уақтылы аяқталды. Жаңадан салынған саз мектебіне бас сұққан депутаттар ұстаздармен кездесіп, үйірмеге қатысатын оқушылардың өнерлерін тамашалады. Саз мектебінде би, вокал, музыкалық аспаптарды үйрету сияқты 9 үйірме жұмыс жасайды.

         Саз мектебінен кейін Мәжіліс депутаттары аудан орталығында 2017 жылы бой көтерген 100 орындық интернатта болды. Интернатта 60 бала бар.

         Мәжіліс депутатары аудан орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған аудандық музейінде де болды.

         Ауданда атқарылып жатырған ауқымды жұмыстарды көздерімен көрген халық қалаулылары аудан басшылығына ризашылығын білдіріп, Жәнібек ауданына кетті.

qaztalov (2) qaztalov (4) qaztalov (5) qaztalov (8) qaztalov (11) qaztalov (13) qaztalov (14)

Қайрат Жақып,

Қазталов ауданы

© zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале