30.09.2021, 9:19
Оқылды: 58

Казталовта 27-ші шағын футбол алаңы пайдалануға берілді

Кеше Казталов ауданы Көктерек ауылдық округіне қарасты Саралжын елді мекенінде шағын футбол алаңы ашылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында бой көтерген шағын футбол алаңы - ауданымызда пайдалануға берілген 27-ші спорттық нысан.

8A0E8B78-3A85-4D78-8B73-1C05CD5EBE90

Сәрсенбінің сәтті күні саралжындықтар үшін ауыл тарихында есте қалар күн болды. Ауыл балаларының спортпен шұғылдануы және бұқаралық спортты дамыту үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, шағын футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында салынған нысанның құрылыс жұмыстарын «Орал құрылыс» ЖШС жүргізді. Спорттық алаңның құрылыс жұмыстарына ауыл азаматтары да қолдау көрсеткен. Ал алаңның ашылу салтанатына аудан әкімі Альберт Есалиев, жерлесіміз, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Дариға Мұштанова, «Орал құрылыс» ЖШС басшысы Бауыржан Ишанғалиев қатысты. Аудан әкімі Альберт Темірболатұлы өз сөзінде нысанның 27-ші футбол алаңы екенін атап өтті.

A07A6E48-553D-44E2-ADDE-9D354ACAC6BB

- Бұл игі іс тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Егемендік алғалы еліміз талай қиын кезеңді еңсеріп, отыз жылда әлем мойындаған мемлекетке айналды. Соның бір көрінісі - заманауи  әлеуметтік, спорттық, мәдени нысандардың бой көтеруі. Саралжын ауылындағы шағын футбол алаңы да Тәуелсіздігіміздің жемісі. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына ауданымызда 30 алаң қолданысқа беру жоспарда болса, бүгін 27-ші футбол алаңы пайдалануға беріліп отыр, - деді аудан басшысы.

32263F81-D740-437C-AA30-B0A2C95BD288

Ауыл халқын атаулы күнмен құттықтап, жылы лебізін білдірген аудан әкімі Альберт Теиюмірболатұлы мердігер «Орал құрылыс» ЖШС басшысы Бауыржан Мақсотұлына ризашылығын білдіріп, алғысхат табыстаса, жерлесіміз Дариға Ғазезқызына ауданымыздың жеті кереметі бейнеленген естелік сыйлық тарту етті. Дариға Ғазезқызы да сөз алып, игі бастаманың басы-қасында жүрген азаматтарға алғысын білдірді.

- Бүгін жүректі тербеп, көңілді толқытқан қуанышты күн. «Ақ түйенің қарны жарылып», оң талапты ауылда шағын футбол алаңы пайдалануға беріліп отыр. Осындай қуанышты сәт сыйлап, ауыл спортының дамуына қолдау көрсеткен ауылымыздың атқамінерлеріне алғысым шексіз. Бұл игі жақсылықтардың басы болып, ауыл халқының көңіл күйі көтеріліп қалды. Көңіл күй дегеніміз – рух. Ауылымыздың рухы көтерілді. Саралжын – құт қонып, кие дарыған мекен. Топырағын түртсе тарихы көрінетін ауылдан біртуар азаматтар өсіп шықты. Олардың қатарынан ҰОС ардагерлерін атап өтуге болады. Суы – зәмзәм, ауасы – шәрбат, Еламан-Қонай екі көл – батырлар мекені. Тарихтан сыр шертер ауылдың түтінін өшірмей отырған ауылдастарыма да ризамын. Футбол алаңының салынуына себепші болған балаларым, «Тойлай білген қазаққа, ойлай да білу қажетті», деп Қадыр Мырза Әлі ағамыз айтып өткеніндей, білімге ден қойып, салауатты өмір салтын ұстанып, еліміздің бір кірпіші болып қаланғайсыздар, - деп перзенттік тілегін жеткізді.

Алаңның ашылу салтанатында «Орал құрылыс» ЖШС басшысы Бауыржан Мақсотұлы да сөз алып, ауылға алаңның сәнін келтірер ала доптарды сыйға тартты. Ауданымызға белгілі мәдениет майталмандары әсем әуенімен ауыл халқының қуанышын еселеді. Алаңда ауыл бнлдіршіндері арасында алғашқы жолдастық кездесу өтті.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале