31.08.2025, 11:00
Оқылды: 201

Казталовта 4 блок-модуль кешені пайдалануға берілді

Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Казталов ауданының Сексенбаев, Бозоба, Бейістерек және Хайруш елді мекендерінде су тазартуға арналған 4 блок-модуль кешені іске қосылды.

FB_IMG_1756588032619

Ашылу салтанатына аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат депутаттары Дархан Даулетьяров пен Дархан Аябалиев қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асқан нысандардың құрылыс жұмыстарын «Қайнар Су» ЖШС жүргізді.

FB_IMG_1756588038024

Салтанатты шарада аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы бұл жобалардың маңыздылығына тоқталып:

— Баршаңызды Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің мерейлі мерекесі қарсаңында жаңа су тазартқыш блок-модуль кешендерін халық игілігіне беріп отырмыз. Бүгінде ауданымыздағы 47 ауыл мен елді мекеннің 32-сі таза ауыз сумен қамтылды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыру бағытында нақты жобалар қолға алынуда. Су — тіршілік көзі. Таза су халық игілігіне қызмет етсін!, — деп атап өтті.

Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі халық қалаулыларының да басты назарында. «AMANAT» партиясы атынан сайланған депутат Дархан Даулетьяров таза су мәселесінің шешімін жергілікті атқарушы билік пен өкілетті органның бірлесе атқарған еңбегінің нәтижесі деп бағалады. Ал «Ауыл» партиясының депутаты Дархан Аябалиев елді мекендердегі осындай игі істер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретініне тоқталды.

FB_IMG_1756588029925

Жаңа кешеннің игілігін көрген ауыл тұрғындары да ризашылықтарын білдірді.

— Президентіміздің бастамасымен жүзеге асқан бұл жоба халықтың қуанышын еселей түсті. Хайруш ауылымыз аудан орталығынан да, округ орталығынан да қашық орналасқан. Соған қарамастан алыстағы ағайынның қамын ойлап, мәселенің шешілуіне ықпал еткен Президентімізге, облыс және аудан басшылығына, депутаттарға алғысымыз зор, — деді Хайруш елді мекенінің ауылнайы Замир Кенжеғалиұлы.

Ауданымызда таза ауыз сумен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Конституция күніне орай іске қосылған жаңа су тазартқыш кешендер — халықтың өмір сапасын жақсартуға, елді мекендердің тұрақты дамуына бағытталған маңызды қадам. Бұл жобалар алдағы уақытта ауданымызды толықтай сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге жол ашары сөзсіз.

Асылбек Нәсіпқалиұлы
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале