Туған жерін, елін сүйген, туған ауылының болашағы үшін алаңдайтын азаматтар Казталов ауданында баршылық. Ауданның жаны жомарт жандары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған ауылына игі іс жасап, ауылдың дамуына үлес қосып жүр. Бұған дәлел ретінде күні кеше шалғайдағы Болашақ ауылдық округіне қарасты Аққурай ауылының азаматтары бір жағадан бас шығарып, ауылдың кіреберісіне заманауи арка орнатты.
Казталов ауданының Шығыс қақпасындағы шекарада орналасқан шағын ауылға мемлекет тарапынан қатқыл табанды жол, ауыз су, көгілдір отын желісін тартылып, іске қосылды. Ендігі уақытта ауылдың әлеуетін көтеру сол жерде тұрып жатқан азаматтардың еншісінде. Міне, олар да қарап қалмай, 1 млн. 400 мың теңге қаражат жинап, әдемі арка жасады.
Жол белгісінің ашылу салтанатына қатысқан Болашақ ауылдық округінің әкімі Артур Берденов аққурайлықтардың ынтымағына риза болып, алғысын білдірді.
Аққурай ауылы арқылы Тасқала-Орал бағытында тас жол өтуде. Ауданымызға келетін қонақтарды алыстан түнде жанатын әдемі арка «мен мұндалап» қарсылап тұрары анық.
Нұр Рахман
Казталов ауданы