9.06.2020, 15:11
Оқылды: 48

Казталовта әскерге іріктеу көктемде басталды

     Отанды сүю. Патриоттық сезім. Әскери өмір. Бұл – егіз, қастерлі ұғымдар. Азаматтық парызын өтеп, Отан алдындағы борышын атқаруға бел буған жастар үшін бұл ұғымның мәні бөлек. Сөзімізді статистикамен байланыстырсақ, ел аумағындағы әскерге шақырылған ер-азаматтардың 80 пайызы азаматтық борышын атқаруға дайын екенін мәлім еткен. Бұл көрсеткіштер жас буынның әскери өмірге қызығушылығы жоғары екенін аңғартады.

Sarbaz

Сонымен, биыл Казталов ауданымнан әскер қатарына 60 жігіт шақырылса, бүгінде соның төртеуі әскери бөлімдерге аттанған. Біз мәліметті нақтылау үшін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жасақтау тобы бастығы, аға лейтенант Әділжан Жәдігеровты әңгімеге тарттық.

–  Ауданда наурыз айынан бастап көктемгі әскерге шақыру  басталды. Соған орай әскер жасындағы бозбалаларды тіркеу, шақыру, медициналық тексеру, психологиялық сынақтан өткізу, іріктеу, қарым-қабілетіне қарай әскер қатарына жасақтау жүргізілуде. Бұл жұмыс шілде айының соңына дейін жалғасады. Бүгін олардың алғашқы легі медициналық тексерістен өтіп, әскери бөлімдерге жіберілді. Сарбаздар әскерге аттануы үшін оларға қойылатын талаптардың бастысы – мықты денсаулық. Отанымызды қорғауға баратын әскерге шақырылушылар барлық тексерістен өткеннен кейін ғана әскери бөлімдерге жөнелтіледі. Ал 18 жасқа толған, дені сау бола тұра азаматтық парызын өтегісі келмейтін жандар заң алдында жауап беріп, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын қаперге береміз. Мұндай жағдайда бастапқыда ескерту жасалады, ол орындалмаған жағдайда 2 – 5 мың айлық есептік көрсеткіш аралығында айыппұл салынады. Сондықтан жастарды өз елінің патриоты болуға, еліне, жеріне адал қызмет етуге шақырамыз, – деді Әділжан Жәдігерұлы.

Маман пікірінен білгеніміз, әскерден қашқандарға салынатын айыппұлдың көлемі қомақты көрінеді. Әскерге жарамды жастардың азаюының бір себебі –  бозбалалар арасында майтабан, көз аурулары көбейіп кеткен. Әрі әскери міндеттен ерікті түрде босатылатындар да бар. Заң бойынша егер әскерге шақырылушы үйленіп, бір баласы болса немесе отбасында жалғыз асыраушы деп танылса, ол әскерден босатылады. Сонымен бірге 18 бен 27 жас аралығындағылар оқып жатқан оқуына байланысты да әскери қызметтен уақытша шеттетіледі. Әр ер-азаматтың борышы – әскерге бару дегенімізбен, оған бармау үшін сан сылтау тауып, «өтірік» ауру боп шыға келетіндер де кездесетіні өкінішті...

Осы орайда Кеңес әскері қатарында болған Талғат Галиев ағамызбен телефон арқылы тілдестік. – «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген бар. Әскери тәртіпті көзбен көріп, басынан өткерген азамат біршама есейеді. Қуыс кеуде болып, қашып жүргеннен не пайда? Одан да азамат Отан алдындағы парызын өтегені жөн. Бойында қазақтың қаны ойнаған, жүрегінің түгі бар жігіттер бұл жауапкершіліктен жалтармайды. Мамыражай заманда әскерге бару арқылы бұлшық етті жаттықтыруға, күш пен қайратты жинауға әбден болады. Біз жігіттерді әскерден безуге емес, керісінше жаппай баруға үндеуіміз керек, – деді ол.

Иә, өз елінің патриоты болу, еліне адал қызмет ету – әр қазақстандық жастың міндеті. Ал біз сол азаматтардың амандығын тілеп, ауызбіршілікті сақтауға атсалысуымыз қажет.

                                                                 Диана Бақсық,

                                                                    Казталов ауданы

zhaikpress.kz 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале