Өткен жыл Казталов ауданы үшін жемісті жылдардың бірі болды. Бірқатар республикалық, облыстық маңызы бар жолдар мен ауданға қарасты маңызды жол тораптары жөндеуден өтті. Білім саласында да айтарлықтай өзгерістер болып, бірнеше білім беру нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балабақшалар салынды. Бұл туралы аудан әкімі Альберт Есалиев халыққа есеп беру кездесуінде атап өтті.
Биылғы есеп беру кездесуі әдеттегі қалпынан өзгеше, яғни, онлан форматта өтті. Казталов ауданының әкімі Альберт Есалиевтің есеп беру кездесуіне облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов қатысты.
Онлайн форматта өткізілген кездесуге тұрғындар алдын-ала хабарламада көрсетілген байланыс нөмірі мен әлеуметтік желі парақшалары арқылы сауалдарын жолдады.
Есеп беру кездесуінде аудан әкімі әр саладағы жетістіктер мен болашаққа құрылған жоспарларды ерекше атап өтті.
Аудан әкімінің айтуынша, 2020 жылы 11 млрд 641 млн. 943 мың теңгені құраған. Соның ішінде аудан кірісі 1 млрд 120 млн 658 мың теңге. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 11 млрд. 7 млн. теңге. Соның ішінде жеке меншіктік қаражат 3 млрд 106 млн теңгені құрап отыр. Он алты ауылдық округтің бюджеті 2020 жылы 1 млрд. 99 млн. 671 мың теңге құрады. Жалпылама мәліметтен соң аудан әкімі бірден тұрғын үй мәселесіне тоқталды.
Қазіргі таңда аудан бойынша 428 адам тұрғын үй кезегінде тұр. 2020 жылы тұрғындар тарапынан 55 үй немесе 6198 шаршы метр жеке тұрғын үйлер салынған болатын.
- Аудан халқын тұрғын үйлермен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы жалпы құны 401 млн. 050 мың теңгені құрайтын Казталов ауылында 2 және Жалпақтал ауылында 1 екі қабатты 12 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыстары басталды. Бұл үйлер биылғы жылы толықтай аяқталып, нәтижесінде 36 отбасы баспаналы болады. Жер кезегінде тұрған тұрғындарға тұрғын үй салу үшін Жалпақтал ауылындағы 61 жер теліміне инфрақұрылымды жүргізу үшін жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі кезде су жүйесінің құрылысы аяқталды. Биылғы жылы байланыс, электр желілері мен газ тарту жұмыстарын да жүргізу жоспарымызда бар. Ауданымызда тұрғын үй қорын жақсарту бойынша «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында алдағы уақытта жалпы аумағы 1445,8 м² құрайтын 4 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізіледі, - деді Альберт Темірболатұлы.
Ағымдағы жылы ауданымыздың бірқатар елді-мекендері көгілдір отын және ауыз сумен қамтылмақ. Оған мемлекеттік бюджеттен арнайы қаржы бөлініп жоспарға енгізіліп отыр. Өткен жылы Көктерек, Оразғали, Жұлдыз және Көмекші ауылдарына газ берілді. Қазіргі кезде Талдықұдық, Кішіталдықұдық, Бейстерек, Кішкенешал ауылдарын газбен қамтуға құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, биылғы жылы 824 тұрғын газбен қамтылады деп жоспарлануда. Ал ауыз су мәселесі бойынша «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Талдықұдық пен Қоныс ауылдарын ауыз сумен қамту үшін және 7 ауылға (Жаңатаң, Әбіш, Оразғали, Жас, Ордабай, Сатыбалды, Беспішен) блок-модульді кешендерін орнату мақсатында жобалар жасақталған.
Ауданымыздың дамуына елеулі үлес қосып отырған салалардың бірі ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы. Бұл салалар бойынша көрсеткіштер көңілқуантарлық. Қазіргі кезде аудан көлемінде 12 543,1 тонна ет, 26 910,2 тонна сүт, 2 732,3 мың дана жұмыртқа өңдірілді. Күні бүгінге асыл тұқымды мал асырайтын шаруашылықтардың саны 51-ге жетіп отыр. Аталған шаруаларда 1293 жылқы, 8386 қой, 4861 ірі қара малы бар. Ауданның шаруа қожалықтары мен тұрғындары әр түрлі бағдарламалар арқылы 2 млрд. 851 млн теңге несие алды. Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында 1 млрд. 818 млн. 522 мың теңгеге субсидия берілген. Кәсіпкерлік саласына тоқталар болсақ, ауданда 1347 шағын кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасауда. Бұл саладан бюджетке 74,9 млн. теңге түсім түсіп, 2196 адам жұмыспен қамтылды.Кәсіпкерлікті дамыту бойынша жыл басында құны 1 млрд. 883 млн. теңгеге 12 жоба жоспарланса, соның ішінде 1 млрд. 845 млн. теңге 8 жобаның құрылысы аяқталып жалпы 91 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Еліміздің болашағы білімді жастардың қолында. Ауданымыздың білім саласының дамуына да өткен жылы ерекше көңіл бөлініп, болашаққа да нақты жоспарлар құрылған. Аудан бойынша 12 жалпы білім беретін мектеп жанындағы интернаттардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 3 млн. 329 мың теңге жұмсалды.41 білім беру ұйымына 42 млн. 984,7 мың теңгеге 455 дана бейнебақылау камералары, 14 мектепке 40 млн. 834 мың теңгеге ішкі әжетханалар орнатылды. «Ақбота» бөбекжайына 23 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.380 млн. 652 мың теңгеге Болашақ ауылында орналасқан 461 орындық А.Байтұрсынұлы атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Апатты деп танылған А.Оразбаева атындағы және Сарықұдық мектептерінің құрылысы жүргізілуде. Ол ғимараттар ағымдағы жылы қолданысқа берілетін болады. Нәтижесінде 660 оқушы заманауи жаңа мектептерде білім алады.Сонымен қатар Жұлдыз ауылындағы А.Хұсайынов атындағы 108 орындық мектептің құрылыс жұмыстары жүргізетін мердігер анықталып, дайындық жұмыстары жүргізілуде.Күрделі жөндеуді қажет ететін 464 орындық Талдықұдық ауылындағы С.Есетов атындағы, 640 орындық Казталов мектеп-лицейі және 640 орындық Жалпақтал ауылындағы Ғ.Молдашев атындағы мектептерінің жобалары дайын, жоспарға енгізу үшін жұмыстанамыз.
Қазіргі таңда жұмыссыздық мәселесі күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Халықты жұмыспен қамту түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар қолға алынған. Ауданымызда халықты жұмыспен қамту бойынша да есепті мерзімде жаңа құрылған 2180 жұмыс орындарына 1311 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жастар практикасын ұйымдастыру бойынша 204 жас жұмысқа жолданды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында құс шаруашылығын дамыту, тігін цехын ашу, техникалық қызмет көрсету және қоғамдық монша қызметтерін ұйымдастыру үшін 154 адамға 77 млн. 772 мың теңге қайтарымсыз грант берілді. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 2 млрд. 899 млн. 294 мың теңгеге 10 жоба жоспарланып, күні бүгінге 7 жоба аяқталып отыр. 3 жоба ағымдағы жылы аяқталады. Жалпы аудан бойынша 3031 адамды қамтитын 592 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 232 млн. 714 мың теңге төленді.
Халықтың басым көпшілігі жастар екені мәлім. Сонымен қатар аудан халқының денсаулығын жақсарту және мәдениет қалыптастыру мақсатында денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларының ықпалы зор екендігі анық. Мәселен, жастар саясатын жүзеге асыру және жастарды қолдау бағытында көптеген жұмыс атқарылуда, бірнеше бағыттар бойынша жобалар іске асты.2020 жылы 100 маманға 27 млн.145 мың теңге көтерме жәрдемақы берілді.Сондай-ақ, 39 маманға 138 млн. 820 мың теңге көлемінде бюджеттік несие беріліп, тұрғын үйлермен қамтылған. Денсаулық сақтау саласы бойынша 2020 жылы Хайруш, Серік ауылдарының медициналық ғимараттары 26 млн 356 мың теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді және де 394 млн. 947 мың теңгеге аудан орталығындағы ауруханаға да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын қалыптастыру және халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында да мақсатты жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңда бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысу, салауатты ұлт қалыптастыру бойынша нақты шаралар қабылданып келеді. Ауданымыз бойынша 16 ауылдық округ орталықтары және 5 елді мекен шағын футбол алаңдарымен қамтылып отыр. Сонымен бірге, өткен жылы Казталов, Жұлдыз ауылдарына 15 млн. 700 мың теңгеге шағын футбол алаңдары салынды. Биылғы жылы Жалпақтал, Қараөзен ауылдарында волейбол, баскетбол алаңдары ашылса, Бостандық пен Ақпәтер ауылында заманауи Street Workout алаңы салынды.Бостандық ауылында ат спорты үйірмесі ашылды. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаңадан 5 спорт түрі бойынша үйірмелер ашылды. Сондай-ақ, өткен жылы Казталов ауылында 320 орындық және Жалпақтал ауылында 160 орындық заманауи дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешендерінің құрылысы басталды.Қаңтар айында Бостандық ауылында ауыл азаматтарының қолдауымен бос тұрған ғимарат бокс залы ретінде күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Мәдениет саласы бойынша тарқатар болсақ, өткен жылы аудандық және Жалпақтал мәдениет үйлеріне 19 млн. 200 мың теңгеге жаңа техникалық құрал-жабдықтар алынды. 2015 жылы «Асар» әдісімен басталған Көктерек ауылдық округіне қарасты Сатыбалды ауылдық клубының құрылысы елді мекен тұрғындарының көмегімен 11 млн.300 мың теңгеге салынып аяқталды. Сонымен бірге Казталов ауылының «Достық» саябағын абаттандыру үшін, Талдыапан ауылдық мәдениет үйіне және аудандық кітапхана ғимаратында заманауи коворкинг орталығын ашу мақсатында күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық сметалық құжаттары жасақталған.
Казталов ауданы әкімінің онлайн есеп беру кездесуінде тұрғында сауалдарын әлеуметтік желілер арқылы жолдауға мүмкіндік алды. Тұрғындар тарапынан түрлі бағытта сұрақтар қойылды. Көпшілігінің сауалы жол жөндеу жұмыстарымен байланысты болғандықтан Альберт Темірболатұлы былай деп жауап берді.
- «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жергілікті деңгейдегі жол инфрақұрылымын қалпына келтіруге және дамытуға басымдық берілуде. Ауданымызға қатысты 210 шақырым республикалық жолдың биылғы жылы жоспарланған «Чапаев–Жалпақтал – Казталов» республикалық жолдың 13,7 шақырымына және «Казталов–Жәнібек – РФ шекарасы» республикалық жолдың 10,4 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Көп жылдар бойы аудан тұрғындарына облыс орталығымен қатынау қиын болса, қазіргі таңда бұл мәселе толықтай шешіліп отыр. Сонымен қатар, ауылішілік жолдар да жөнделіп, халықтың тұрмысын жақсартуға өзіндік септігін тигізуде. Атап айтсақ, Казталов, Жалпақтал ауылдарына 1 млрд. 320 млн. теңгеге 17 көшеге 10,8 шақырым автомобильдер жолдары төселді. Аталып өткен ауылдар мен Бостандық ауылына жалпы 23 көшеге 14,1 шақырым жаяу жүргіншілер жолдары салынды. Алдағы уақытта 15 шақырым кіреберіс (Бостандық, Қоныс, Әжібай, Нұрсай), 15 шақырым аудандық маңызы бар (Қараоба-Беспішен-Қошанкөл бағытындағы), 11,5 шақырым ауылішілік және 6 шақырым жаяу жүргіншілер жолдарын салу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталды.
Аудан әкімі тұрғындардың жалпы және жекелеген сауалдарына тиісті жауаптарын берді. Сонымен қатар аудан әкімінің жұмысына оң бағасын беріп ризашылығын білдірген тұрғындар да жылы лебіздерін жолдады. Есеп беру кездесуіне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Әдиетұлы ауданда атқарылған жұмыстарға өз бағасын беріп тиісті тапсырмалар жүктеді. Болашақта ауданымызда халықтың игілігі үшін мақсатты жұмыстар атқарылмақ.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz