Бүгін аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай көпбалалы аналар мен еңбек адамдарын қабылдады. Аудан басшысы нәзік жандыларды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

— Сіздерді Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі Ғабит Мүсіреповтің «Біз әйелді әйел сыңайынан таныған елміз» деген қанатты сөзі бар. Халқымыз қай уақытта да әлемді әлдиімен тербеген әйелдің мәртебесін асқақтатып, құрметтеп, даналықтың үлгісін көрсете білген. Әйел — ана, шаңырақтың берекесі, ырысы. Нәзік жандылар ұрпақты тәрбиелеу арқылы, ұлтты тәрбиелейді. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес ауданымызда 953 көпбалалы отбасы тіркелген. 407 сәби өмірге келді, — деді аудан әкімі.
Асланбек Ахметоллаұлы өз сөзінде мемлекетіміздің дамуына да әйелдер қауымының қосқан үлесі зор екенін тілге тиек етіп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы адал қызметтері үшін ризашылығын жеткізді.
Мерекелік қабылдау «Жұмысшы мамандықтары жылымен» ұштасты. Маруся Мұхамбетқалиқызы, Гүлсара Бақтыгерейқызы, Нұргүл Сатуақасқызы, Мархаба Махсотқызы, Гүлсара Базарбайқызы, Ирина Владимирқызы, Маржанай Габдрахимқызы, Жаннат Жүсіпқызы, Райгүл Ирболатқызы, Гүлсім Нұрмашқызы, Айгүл Темірбайқызы, Жаңылсын Мұратқызы, Жұмагүл Шахайқызы, Арайлым Ермағанбетқызы, Мауия Асылбекқызы, Жансұлу Үсенқызы, Жанар Амангелдіқызы, Гүлнұр Жандарбекқызы, Альбина Сәндібекқызы сынды еңбегі елге елеулі жандар, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, кәсібін бастаған азаматшалар мен «Қаладан-ауылға» бағдарламасымен ауданымызға көшіп келіп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып отырған нәзік жандылар аудан әкімінің қабылдауында болды. Алғаш рет аудан әкімінің қабылдауында болған жалпақталдық Гүлсара Базарбайқызы аудан әкіміне алғысын білдірді.
— Мен 33 жыл Жаңажол дәрігерлік амбулаториясында кіші қызметкер болып қызмет еттім. Жұмысты талғамай адал еңбекпен нәпақамызды тауып келеміз. Бүгін еңбегіміздің еленгеніне қуаныштымын. Шын мәнінде теледидардағы бағдарламалар, газет беттеріндегі жаңалықтар, әлеуметтік желідегі жазбалардан көргеніміз болмаса, өмірімде әкімнің салтанатты қабылдауында болмаппын. Алғаш рет өзіңіздің мерекелік қабылдауыңызда отырғаныма риза екенімді жеткізе отырып, қарапайымдылығыңыз бен кішіпейілділігіңізді танытып құрмет көрсеткеніңіз үшін алғысым шексіз, — деді ол.
Қабылдауда қошанкөлдік «Мауия» шаруа қожалығының жетекшісі, сүт өнімдерін өндірумен айналысып жүрген еңбек адамы Мауия Асылбекқызы, болашақтық «Қабдолла» шаруа қожалығында еңбек етіп, жеңіл техникаларды тізгіндей білген Гүлсім Нұрмашқызы, «Қаладан-ауылға» өңірлік бағдарламасының игілігін көріп отырған көпбалалы ана Альбина Сәндібекқызы сөз алып, алғыстарын айтты.

Аудан әкімі мерекелік қабылдау себепкерлерінің сұрақтарына жауап беріп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың жүзеге асуы жөнінде атап өтті.
Гүлнұр Бөлешова,
Казталов ауданы