Бүгін С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының құрылғанына 10 жыл толуына орай "Біздің заман" атауымен Казталов аудандық жастар форумы өтті.
Еліміздің ертеңі мен жарқын болашағы жалындаған жастардың қолында. Өздерінің тың идеяларын жүзеге асыра отырып, мемлекеттің өркендеуіне үлестерін қосады. Қазіргі таңда ауданда жастар қатарына кіретін 14-35 жас аралығында 6741 жас бар. Жастар ресурстық орталығы 2014 жылы қараша айында құрылып, бүгінгі күні ауданымызда жастар саясатының дамуы жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Форумға Казталов ауданы әкімінің көмекшісі, белсенді жас Асылбек Байғазиев, жас ұстаз, аудандық "Жас саясаткерлер" мектебінің жетекшісі Айнаш Өтебалиев, "Кітап ал" оқырмандар клубының мүшесі, ауылға "Кітап ал" жобасының жетекшісі Мидхат Өзбеков, БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының бөлім басшысы, "Жайық жастары" волонтерлық корпусының жетекшісі Бибі Уали қатысып, өздерінің батыл идеяларымен жалынды сөздерін, нақты ұсыныстарымен бөлісті.
"Ашық микрафон" айдарында спикерлерге жастар өздерінің сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
- Мағжан Жұмабаев атамыз жырлағандай: Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты.
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін, деп қоғамның қозғаушы күші жастарда екенін атап кеткен. Осындай рухани бағыттағы кештер, білім бағытындағы ой-таластар адамның дамуына әсерін тигізетіні анық. Жалындаған жігіттер мен қыздар еліміздің тірегі. Ел болашағы білімді, білікті, жігерлі жастардың қолында, - деді аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы жалынды сөздері мен нақты қадамдарымен көзге түсіп жүрген жастарымызға аудан әкімінің алғысхатын табыстады.
Форум соңы Мұрат Ахметовтың орындауындағы "Атамекен" әнімен аяқталды.
Гүлнұр Сәуірғалиқызы,
Казталов ауданы