15.12.2020, 9:31
Оқылды: 41

Казталовта балық дүкені ашылды

Ауданымыздың экономикасына елеулі үлес қосып отырған салалардың бірі – балық шаруашылығы. Балықтың адам өміріне пайдасына мамандар оң бағасын беруде. Ал ауданымыздың балық шаруашылығының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтардың бірі – Әлібек Сартаев. 14 желтоқсан күні аудан орталығында кәсіпкердің тағы бір балық дүкені ашылды.

IMG_8476

Кәсіпкердің айтуынша, бұл ашылып жатырған 5-ші балық дүкені. Бірі Жалпақтал ауылдық округінде болса, 3-еуі Орал қаласында, енді біреуі Казталов ауылында ашылып жатыр. Дүкенде сазан, шортан, карась, жайын сынды балық түрлері бар. Сонымен қатар дүкеннің бір бөлігінде балық аулауға қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектер топтастырылған. Аталмыш дүкеннің ашылу салтанатына аудан әкімі Альберт Есалиев арнайы қатысып, балықтың денсаулыққа пайдалы екендігін тілге тиек етіп, жылы лебізін білдіріп, кәсіпкер Әлібек Сартаевты арнайы алғыс хатпен марапаттады.

IMG_8464

Балықтың адам өміріне пайдасы орасан зор. Оған дәлел ретінде ғаламтор бетін ашып қалаған мәліметті іздесеңіз, мамандар пікіріне куә боласыз. Ал балықтың пайдасы жөнінде stan.kz сайтында жарияланған мақалада мамандар су асты тіршілік иесінің адам өміріне оң әсерін былайша тізбектеген. Балық адам ағзасының жоғары сапалы ақуызға қанығады, қан ұю функциясы қалыпқа келеді, қандағы холестеринді төмендетеді, қалқанша безінің функциясының қалыпқа келтіріп және оның ауруларының алдын алады, көру қабілетін жақсартады, жүйке жүйесін қалыпқа келтіріп, жадты, ұйқыны жақсартады және тітіркенуді азайтады, өмір сүру ұзақтығын арттырады, тері, шаш, тырнақ, сүйек пен тістің жағдайын жақсартады, зат алмасуды қалыпқа келтіреді, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға және жүрек-қан тамырлар жүйесін нығайтуға ықпал етеді. Сонымен бірге артық салмақтан арылуға ниет еткен жандарға да құлаққағыз, балық жегеннен артық салмақ қосылмайды. Тіпті майлы балықтың өзі құрамындағы майлы қышқылдарының арқасында салмақ қосуға ықпал етпейді және оны тұтыну арқылы артық салмақтан арылуға болады. Сол себептен де, диетологтар салмақ тастағысы келетіндерге көмбештелген немесе суға пісірілген балық жеуді ұсынады. Мамандар балықтың зиянды жағының алдын алу үшін жақсылап қуырып немесе пісіріп жеген дұрыс деген кеңес береді.

IMG_8491

Ал денсаулығыңызды жақсарту мақсатында балық өнімдерін тұтынамын десеңіз, балық дүкенінің сапалы балықтарын тиімді бағада алсаңыз болады. Дүкенде шортанның түр-түрін, кәрас, қара балық, ақ балық, сазан, сазанша, жайын секілді т.б. балық түрлерін өз қалауыңыз бойынша таңдап алсаңыз болады. Балық дүкенінің иесі бұл саланы жетік меңгерген білікті кәсіпкер десек қателеспеген болар едік. Кәсіпкердің аты ауданымызға да, облысымызға да, тіпті, көршілес мемлекетке де белгілі.

IMG_8480

Әлібек Сартаев жалпақтал ауылының тумасы. «Сартаев» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі. 1999-2009 жылдары аралығында мал шаруашылығымен айналысқан. 2010 жылы өзінің жеке кәсібін ашуды жөн санап, 2012 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін балық шаруашылығы саласын дамытуда. 2014 жылы Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған конкурсқа қатысып, Казталов ауданына қарасты Үлкен және Кіші өзендер бөлігіндегі су айдындарын жеңіп алып, қазіргі таңда сол сала бойынша бекітілген жоспармен қызмет атқарып  келеді. 2016 жылы Жалпақтал ауылынан су жануарларын сақтайтын тәлімбақ (питомник) ашса,  Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсанында Орал қаласындағы  «Тірі балық – тірі шаян» дүкенін ашты. 2019 жылы Жалпақтал ауылынан  «Qos-Ozen» балық дүкенімен «Universal» құрылыс дүкенін ашып, халыққа сапалы өнімдерін ұсынуда.

Балық дүкенінің ашылу салтанатына орай кәсіпкер Әлібек Сартаев ауыл тұрғындарына арнайы азық-түлік себетін тарту етті. Дүкеннің салтанатты түрде ашылу рәсімінде барлық санитарлық талаптар сақталды.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале