Бүгінге дейін ескі әрі қуықтай үйді паналап келген жалпақталдық Гүлшат Нұғманованың жағдайын осыдан 2 ай бұрын көзбен көріп, қынжылып қайтқанбыз. Жалғызбасты ананың жәй-күйімен танысқан аудандық "Ауыл айнасы" газетінің редакциясы басылым бетіне жазып, «Асар» қайырымдылық эстафетасын бастады.

. Ақпан айында бастау алған басылым бастамасы оң нәтижесін берді. Міне, араға айлар салып, Қасиетті Рамазан айында Алланың қалауымен аудандық газеттің бастамасымен, "Харекет" қайырымдылық хорының қолдауымен Гүлшат апайдың отбасы баспаналы болуда. Анамызды қуанту үшін түсірілім тобы ескі үйге еш ескертусіз барып, тосынсый жасадық. Ана мен балаларының қуанышында шек болмады. Бұрын қабырғасы құлаған қуықтай үйді паналап отырған отбасы 3 бөлмелі үйге қол жеткізді. Жып-жылы үй ананың көңілін жылытып, қуанышқа бөледі. 
Бұл игі істен республикалық «Харекет» қайырымдылық қоры да тысқары қалмады. Талай баспанасыз жандарды қуанышқа кенелтіп жүрген “Харекет” қайырымдылық қоры 700 мың теңге қаражат аударды. 
Аудандық «Ауыл айнасы» газетінің редакторы Қайрат Жақып осындай қайырымды іске қолдау білдірген «Харекет» қайырымдылық қорының директоры Гүлмира Мұханқызына, қордың БҚО-дағы өкілі Демежан Меңдешовке аудан әкімінің атынан алғысхат табыстады. Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты Гүлфия Кушваева үй иелеріне берекелі қоныс болсын деген ақжарма тілегін жеткізді.
Эстафета аясында 1 314 707 теңге қаражат жиналды. Қаражатқа үйге қажетті су жаңа дүниелер де алынды (газ, кілем, тоңазытқыш, ас бөлмеге шкаф, үстел орындықтарымен, теледидар, киім ілетін шкаф).

Бұл ретте 1990, 1991, 1992, 1996 жылы туған жалпақталдық түлектердің еңбектері орасан зор.
Баспаналы болған Гүлшат апай қайырымды жандарға шын көңілден алғысын білдірді.
Жұлдыз Асқар
Казталов ауданы
zhaikpress.kz