«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Бірлігі жарасқан берекелі ауыл» өнер фестивалі – мәдениеті кемел елдің өркениетке бастар жолы екенін айқын дәлелдеді. Өнері мен тарихы ұштасқан әрбір ауыл – руханияттың тірегі, елдік еңсені көтерер ошағы. Шілде айында бастау алған өнер көшінің басты мақсаты – ауылдардың өткен жолы мен бүгінгі жетістігін насихаттап, шығармашылық әлеуетін арттыру, ел ішіндегі таланттарды таныту, мәдени байланысты күшейту болды.

Фестиваль барысында ауыл өнерпаздары өз өнерін ортаға салып, сахна шымылдығын ашты. Ұлттық дәстүрді дәріптеп, өнер мен өнегені ұштастырған кештің қорытындысы аудандық мәдениет үйінде өтті.

Сахна төрінде керемет өнерімен танылған аудандық мәдениет үйі жанындағы «Қожа» әзіл-сықақ театры мен Жалпақтал ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Тамаша» ойын-сауық отауы – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2025 жылғы 1 тамыздағы №364 бұйрығы бойынша «Халықтық» атағын иеленді. Сонымен қатар, ұжым жетекшісі М. Дүйсенов пен Жалпақтал ауылдық мәдениет үйінің дыбыс режиссері Н.Жалмұхановқа Қазақстанның салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгілері табыс етілді.

Ата дәстүрін ардақтап, төрт түлігін түгендеп, ынтымақты тірек еткен ауыл – бірліктің, берекенің орны.

Осындай құндылықтарды насихаттауға үлес қосқан ауыл өнерпаздарына аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Е.Х.Құмарғалиев алғыс білдіріп, барлық ауылдық округтердегі мәдениет үйлеріне арнайы дипломдар мен принтер сертификаттарын табыстады.

Фестиваль барысында әр өнер иесі өз дарынын паш етіп, ауыл мәдениетінің жаңа тынысын көрсетті.

«Өнер – елдің еңсесі, рухтың өлшемі» демекші, мерейлі шара алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім мол.
Қайрат Жақып
Казталов ауданы