16.02.2023, 11:00
Оқылды: 15

Казталовта «Bookcrossing» акциясы басталды

Казталов ауданында ерекше акция басталды. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген Абай ақынның қанатты сөзін ұстанымы қып бекіткен жандар 14 ақпандағы Халықаралық кітап сыйлау күнінде «Bookcrossing» акциясын бастады. Бұл жөнінде Казталов аудандық білім беру бөлімі хабардар етті.

IMG_20230216_002900_303

-Кітап оқу – мәдениеттің ең жоғары үлгісі. «Көркем әдебиет жас баланы саяси қайраткерге дейін тәрбиелейді» – деген неміс жазушысы Лион Фейхтвангердің сөзінде салмақты  күш  бар. Өсіп келе жатқан әр жеткіншектің  қазіргі таңда электронды гаджетке тәуелділігін   қойып, кітапқа деген қызығушылықтарын  арттыру керек. Осы орайда, аудандағы мектеп кітапханаларында  «Bookcrossing» акциясы өтіп, мектеп ұстаздары кітапхана қорына жаңа көркем әдебиет кітаптарын сыйлыққа табыстады.

IMG_20230216_002908_400

Атап өтсек,  Көктерек мектебінің ұстазы Динара Есенгелдіқызы мектеп кітапханасына Ш.Айтматовтың «Алғашқы  ұстаз», Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», С.Достанның «Қасірет пен тағдыр», Б.Мұнайдың «Өмір зая», Кенжебек Мендалиев атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі  Г.Хабиева кітапханаға «Махамбеттің әлемі», Жаңажол мектебінің педагогы Г.Батырғалиева кітапхана қорына Д.Досжановтың «Мұхтар жолы» кітаптарын,  ұстаз Е.Орынғалиев «Қазақ совет энциклопедиясының» 4 томын сыйға тартты, - деді аудандық білім беру бөлімінің кітапхана қоры әдіскері Алтынғаным Тлепбергенова.

Ұстаздар бастамашы болған акцияға оқушылар мен ата-аналар, мектеп кітапханаларының оқырмандары да үлестерін қосқан. Мәселен, К.Мендалиев атындағы мектептің 7-сынып оқушысының ата-анасы Г.Жұбанғалиева В. Быковтың «Повести», Тереңкөл мектеп-бебекжай кешенінің 3-інші және 5-сынып оқушыларының ата-аналары «Дастандар», Е.Мырзахметовтың «Медет», Н. Серәлиевтің «Жаңбыр иісі» кітаптарын сыйға тартса, Қараөзен мектеп-лицейінің кітапхана оқырманы Ляззат Табылдықызы өзінің жеке кітапханасынан К.Оразалиннің «Абай ауылына саяхат», Ғ. Есімнің «Абай туралы философиялық трактат» атты кітаптарымен мектептің рухани қорын толықтырды.

Ал бірқатар мектептің оқушылары мектеп кітапханашысына Ж.Молдағалиевтің «Жиырма бес», О.Әбділдаевтың «Уыз шақ», «Айтыс» сынды көркем шығармаларды тарту етті. Ғ.Қараш атындағы мектеп-гимназиясының кітапхана қоры М.Балмолданың «Он төрт», С. Керімбайдың «Бейсен және Болмыс», Аид әл-Қарнидың «Мұңайма» кітаптарымен толықты.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

 

 

 

 

 

 

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале