14.08.2025, 11:15
Оқылды: 417

Казталовта даңқты композитор шығармалары шырқалды

Жалпақтал ауылының Мәдениет үйінде Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Өз елім» атты Рахым Ығылманов атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрінің концерті өтті.

IMG_8553

Сахна шымылдығын даңқты композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйімен ашқан оркестрдің орындауындағы танымал күйді көрермен қауым бірден жылы қабылдады. Қазақ музыкасының жарық жұлдызы саналған мәдениеттің жарқын тұлғасы Нұрғисаның ән әлемі қашанда өз биігінен түскен емес. Ол ХХ ғасырдағы дәстүрлі музыканың алтын діңгегі, жасампаз шыңы, бармағынан бал тамған арқалы домбырашысы еді. Сондықтанда оның жүз жылдық ғасырлық мерейтойын Юнесконың шешімімен әлемдік деңгейде атап өту ұйғарылды.

IMG_8543
Бүгінгі шарада киелі сахнаны ән мен күйге бөлеген Рахым Ығылманов атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрі мен "АЙВА" вокалды аспаптар ансамблі жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көрермен қауымды бір серпілтіп тастады. Негізінен Нұрғисаның ата-бабалары дәулескер күйші, халық әндерінің білгірі болған. Анасы Злиха әйгілі жырау Кенен Әзірбаевтың қарындасы екен. Осындай текті ортадан шыққан Нұрғиса бес жасында әкесінен домбыра шертуді үйренсе, анасы оның ноталық сауатын ашқан көрінеді. Ол өнер жолындағы ақ батаны қазақ музыкасының атасы Ахмет Жұбановтың өзінен алған екен.

IMG_8565

Біз бұл деректерді концерт жүргізушілерінің аузынан естіп білдік. Ел есінен кетпес айтулы концерт барысында оркестрдің орындауында Нұрғиса Тілендиевтің «Мұрагер», «Ұлы той», «Көш керуен» , «Аңсау», «Махамбет», облыстық байқаулардың лауреаты Ержан Құмарғалиевтің жеке орындауында «Жекпе жек», талантты жас күйші Нұрбол Болаттың жеке орындауында «Аққу» күйлері орындалса, «АЙВА» вокалды аспапты ансамблінің сүйемелдеуімен Сыйлық Құсайнованың орындауында «Куә бол», Құндыз Ерембаеваның орындауында «Жүрегім», Нұрхат Жалмұхановтың орындауында «Құстар әні» атты елі сүйген әндері шырқалып,  Ержан Құмарғалиев, Нұрбол Болат, Томирис Тапалова орындаған күй тартысқа да кезек берілді. Тамаша концертті әнші Мұрат Ахметов Қадыр Мырза-Әлінің сөзіне жазылған «Өз елім» әнімен  қорытындылап, көрерменнің зор ықыласына бөленді.
Жақсы күнде жерлестеріне әдемі кеш сыйлай білген ауылдың өнер ұжымына Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғаділбек Әлібеков алғыс білдіріп, оркестрдің белді мүшесі, Жасұлан Ержановқа берілген «Күйшілер одағының мүшесі» куәлігін салтанатты түрде табыс етті.

IMG_8547

Ұмытылмас өнер кешінен жалпақталдық ағайындар үлкен әсер алып, үйлеріне жоғары көңіл-күйде тарқасты.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале