Қазталов ауданында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Нұрғиса Дауешов оқушылармен кездесіп, домбырадан шеберлік сағат өткізді.
Кездесуде Нұрғиса Маратұлы өнер жолындағы өмірін айта келіп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ домбыраның дәстүрлік шеберлігін, қағыс әдістерін көрсетіп, толық меңгеруге бағытталу қажеттігін айта келіп, күй орындап берді.
-Тәжірибе алмасу – шеберлікті шыңдай түсетін мүмкіндік. Кәсіби маманның сабағына қатысып, ерекше әсер алдық. Әсіресе, біз де, оқушыларымыз да қазақтың қара домбырасының қыр-сырларын үйреніп, көптеген жаңа мағұлматтарды меңгердік. Осындай мағынасы да мәні зор шеберлік сабақты өткізген Нұрғиса Маратұлына алғысымыз шексіз, -дейді аудандық саз мектебінің домбыра сыныбы оқытушысы Жанат Өтешова.
Кездесу соңында Нұрғиса Дауешов ағамыз аудандық саз мектебінің домбыра сыныбының 4-сынып оқушысы Аида Омарғалиеваға домбыра сыйға тартты.
Жұлдыз АСҚАР
Қазталов ауданы