27.12.2023, 21:00
Оқылды: 92

Казталовта ФАП ғимараты пайдалануға берілді

Ауыл тұрғындарын сапалы медицинамен қамту мәселесі мемлекетіміздің ең басты міндеттерінің бірі болып табылады. Бүгін (27 желтоқсан) Казталов ауданының Қараөзен ауылында жаңадан салынған фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараты​ пайдалануға берілді.

IMG-20231227-WA0038

Заманауи үлгідегі, талапқа сай медициналық пункт ғимаратының бой көтеруі — Қараөзен​ ауылының тұрғындарын зор қуанышқа бөледі. Бұл мемлекетіміздің ұлт денсаулығын жақсартуға, ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімді болуына қосқан зор үлесі деп білеміз.

IMG-20231227-WA0034

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Медицина саласының негізгі міндеті – адамдардың өмір сүру ұзақтығын арттыру, азаматтарымыздың​ денсаулығын жақсарту.​ Ол үшін кәсіби білікті кадр даярлау ісі мен профилактикалық жұмыс күшейтіледі, ауыл медицинасы қалпына келтіріледі. Әрбір қала, аудан орталығы, ірі ауылдарда сапалы медициналық көмек көрсетілетін болады. Бұл – Әділетті Қазақстанның маңызды басымдылығының бірі» - деген болатын.

Фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов, Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, мердігер компания «Альтаир СК7»​ ЖШС-нің өкілі Мирлан Жұмағалиев пен ауыл тұрғындары қатысты.

IMG-20231227-WA0035

Шарада облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов қараөзендік ағайындарды Жаңа жыл қарсаңындағы үлкен қуаныштарымен шын жүректен құттықтап, мемлекеттің ауылға деген осындай шынайы қамқорлықтары алдағы уақытта жалғасын таба беретінін жеткізді. Одан кейін сөз алған Қараөзен ауылдық ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы Болат Бекешев ауыл тұрғындарының үлкен өтінішін ескеріп, көптен бері сұранысқа ие болған соңғы үлгідегі фельдшерлік акушерлік пунктті салып берген облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау саласы басшыларына жергілікті тұрғындар атынан алғысын жеткізді.

IMG-20231227-WA0037

Жаңадан бой көтерген фельдшерлік акушерлік пункттің жалпы ауматы – 227,67​ шаршы метр. Онда бір ауысымда 20 адамды қабылдау мүмкіндігі қарастырылған. Фельдшерлік-акушерлік пункт барлық қажетті медициналық құралдармен жабдықталған. Енді тұрғын халық ауылдан шықпай-ақ, алғашқы медициналық көмекке жүгіне алатын болады. Оны көпшілік қауым ұлт денсаулығын жақсартуға, азаматтардың сапалы медициналық қызметке қолжетімді болуы үшін жасалған мемлекетіміздің игі шарасы деп қабылдады.

Ашылған нысанның құрылысын белгілі уақытта аяқтаған мердігер компания «Альтаир СК7» ЖШС-нің өкілі Мирлан Жұмағалиев Жалпақтал ауылындағы №2 аудандық аурухананың директоры Надежда Васильеваға ғимарат кілтін салтанатпен табыс етті.

IMG-20231227-WA0036 (1)

Шара соңында ауылдың өнерпаз өрені Әлішер Ерболат «Дәрігерлерге мың алғыс» әнін орындап, ауылдастардың қуанышын еселей түсті.

IMG-20231227-WA0022

IMG-20231227-WA0012

IMG-20231227-WA0019

Қыдыр Харесұлы 

Казталов ауданы 

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале