Казталов аудандық мәдениет үйінде Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ұжымы елмен жүздесу үшін “Елге сәлем!” атты шығармашылық кешін өткізді.

Өнер ордасының талантты әншілері мен күйшілері, бишілері көрерменге рухани мазмұнға толы, көңілге қуат сыйлаған ерекше кеш сыйлады. Биылғы жыл филармония ұжымы үшін шығармашылыққа бай, өте жемісті жыл болды. Өйткені ұжым әртістері Қазақстанның түкпір-түкпіріне шығармашылық концерттер қойып, бір қатар шет мемлекеттерге де сапарлап қайтты. Атап айтсақ, Түркия мемлекетінің ірі қалаларының бірі Стамбул, Түркіменстан республикасының астанасы Ашхабад қалаларында өңіріміздің өнерін үлкен сахнада паш еткен болатын.
Концерттік бағдарламада халық әндері шырқалып, күмбірлеген күй, заманауи және дәстүрлі би түрлері орындалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Өнерпаздардың орындауындағы түрлі шығармалар тыңдарманға шынайы эмоция сыйлап, жүрегіне жол тапты.

Ауыл тұрғындары мен қонақтар кештен рухани әсер алып, өнер ұжымына ризашылықтарын білдірді.
Кеш соңында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның өнер ұжымына аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың ықылас гүлі табысталды.
Гүлнұр Бөлешова,
Казталов ауданы