Жол апаты, өрт, су тасқыны, жұқпалы аурулар. Бұлардың барлығы – өмірімізде таныс дүниелер. Қауіпті болжай алмайтындығымыз анық. Оқыс жағдай кезіндегі әрекетіміз де беймәлім. Дегенмен, төтенше жағдайларға дайындық жұмыстары қоғам үшін маңызды.
21-23 тамыз күндері аралығында Казталов ауданының аумағында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды дайындау және жүргізуге арналған кешенді оқу-жаттығу өтіп жатыр.
Бүгін Казталов ауданы орталығында таңғы 7:00-де «Дабыл–1001» дабылы қағылып, аудандағы арнайы азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығы тексерілді.
Төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған оқу-жаттығу жұмыстары барысында аудан орталығында адамдар көп жиналатын орындардағы өрт және адамдарды эвакуациялау, энергиямен жабдықтау жүйелеріндегі апат, ірі қара мал ауруының жұқтыру ошағын дезинфекциялау, жұқпалы аурулар індетін жұқтырған науқасқа медициналық қызмет көрсету, өртті жол-көлік оқиғасын жою, дала өрті, су тасқыны кезіндегі азаматтық қорғау қызметтерінің әрекеті пысықталды.
Кешенді оқу-жаттығу жұмыстарының мақсаты – төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мәселелері бойынша заң талаптары мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің орындалуын, аумақтық кіші жүйесі басқару органдарының, күштері мен құралдарының табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай қаупі төнген және болған кезде әрекет етуге дайындығын тексеру.
Ал дайындық жұмыстарына аудан әкімінің орынбасары, эвакуациялық қабылдау комиссиясының, төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның, азаматтық қорғау қызметтері мен құрамаларының, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылық құрамы және БАҚ өкілдері қатысты.
Арнайы құрылымдар дайындығын Казталов ауданы әкімінің орынбасары Айдар Менеев, Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті басқарма бастығы Нұрәлі Мусиев, Казталов аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының м.у.а Айнар Сәкенов тексерді.
Кешенді оқу-жаттығу жалғасып жатыр.
Нұр Рахман
Казталов ауданы