29.09.2024, 12:00
Оқылды: 239

Казталовта қоғам қайраткері Кенжебек Меңдәлиевтің туғанына 110 жыл толуына орай дала қызықтары өтті

Ұзақ жыл облысымыздың бірнеше аудандарында аудандық партия комитетінің І хатшысы болып еселі еңбек етіп, ел басқару қызметінде халқының ыстық ықыласына бөлене білген Социалистік Еңбек Ері Кенжебек Меңдәлиевтің туғанына 110 жыл толуына орай Казталов ауданының барлық атқамінер азаматтары Жалпақтал ауылында атойсалып тойлап, жергілікті тұрғындар мен ауыл қонақтарына арналған дала қызықтарын өткізді.

InShot_20240929_234413300

Ұлыларды ұлықтап, даналарды дәріптеу еңселі еліміз үшін үлкен ғибрат. Еліміздің елдігін дәлелдеген бүгінгі шарамыз атқарылған игілікті істер мен танытылған табандылықтың өтеуі ретінде мәртебелі меймандар тарапынан жоғары бағаланып, адамгершілік деген асыл қасиетті аласартқан жоқ. Жастарымыздың тарихи танымы мен рухани сана-сезіміне тәрбиелік жол тартқан бүгінгі шараның құрметті де басты қонақтары қатарында Кенжебек Меңдәлиевтің көзін көрген үзеңгілес достары және атамыздың ұрпақтары, қыздары мен немере-шөберелері, ауданымыздың зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары болды. Ең алдымен айтулы тұлға рухына тағзым етуден бастаған құрметті қонақтар үлкен қауымға барып құран бағыштағаннан кейін, Социалистік Еңбек Ері Кенжебек Меңдәліұлының өнегелі өмірінен сыр шертетін ақпараттық пилонның ашылу салтанатына қатысты.

IMG_2080

Ақпараттық пилонды ашу құрметі Казталов ауданының әкімі Асланбек Ахметоллаұлы Сарқұловқа, Кенжебек Меңдәлиевтің қызы Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚУ-дың профессоры Дина Кенжебекқызы Меңдалиеваға, еңбек ардагері, «Казталов ауданының құрметті азаматы» Нағым Ризуанұлы Ризуановқа және Қоғам қайраткері, мәдениет саласының құрметті ардагері, салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының БҚО бойынша филиалының төрағасы Айдар Тапашұлы Батырхановқа жолданды. Осы рәсімнен кейін меймандар мектеп ауласындағы Кенжебек Меңдәлиевтің кеудемүсініне гүл шоқтарын қойды.

IMG_2092

Аталған кеуде мүсін 2014 жылы атамыздың 100 жылдық мерейтойына орай орнатылған болатын. Мектеп ауласы Жалпақтал балалар өнер мектебінің «Назқоңыр» фольклорлық ансамблінің орындаған әдемі әндерімен тербеліп тұрды.

IMG_2405

Шара қонақтары одан әрі Кенжебек Меңдәлиевтің өнегелі өмірінен сыр шертетін мұражай бұрышы мен кітапхана ұжымының көрмесін тамашалап, мәжіліс залында өтетін «Еңбегі ерен ер еді» атты деректі фильмді көріп, Дариға Мұштанованың авторлығымен жарыққа шыққан «Кенжақаң» атты жаңа кітаптың тұсаукесерін тамашалады. Осы тұста шара қонақтарына арнап, мектептің мұғалімдері Кенжебек Меңдәлиевтің өмірі мен қызметінің бір сәтін ғана бейнелейтін «Ұмыттырмайтын даңқы бар» атты театрландырылған көрініс қойып, көрермен меймандардың көңілін бір серпілтіп тастады.

Казталов ауданы әкімдігінің тапсырысымен Ақжайық телеарнасы деректі фильм түсірсе, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Дариға Мұштанова елімізге зор еңбегі сіңген қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері К.Мендәлиевтің өмірі мен өнегелі жолын арқау еткен «Кенжақаң» атты кітапты жазып шықты. Ол туындылар — ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болатын ерлік пен еңбек жолының айқын көрінісі. Отанға адал, халқына қалтқысыз қызмет етудің тамаша үлгісі. Аталмыш кітаптың тұсауын кесу құрметі Казталов ауданының әкімі Асланбек Ахметоллаұлына, «Кенжақаң» кітабының авторы Дариға Ғазезқызына, еңбек ардагері, «Казталов ауданының құрметті азаматы» Кәрім Тәжімағанбетұлына, Кенжебек Меңдәлиевтің қызы Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚУ-нің профессоры Дина Кенжебекқызына жолданып, жазушы Дариға Ғазезқызы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Осыдан кейін шара қонақтары атынан Батыс Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев, мәдениет саласының ардагері, салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының БҚО бойынша филиалының төрағасы Айдар Батырханов, Орал қалалық мәслихатының төрағасы Есентай Қалиев пен басқа да шақырылған құрметті қонақтар сөз сөйлеп, өз құттықтауларын арнады. Меймандар құттықтауларынан кейін мектеп оқушылары «Біз-Кенжебек ұрпақтары» атты әнді хормен орындап бас қосу кешін қорытындылағаннан кейін шараға қатысушы қонақтар Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің мүшесі, Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер болған Кенжебек Меңдәлиевтің 110 жылдық мерей тойына арналған дала қызықтарын тамашалады.

IMG_2284

Дала қызықтарымен көмкерілген мәдени көпшілік шарада 24 шақырымдық аламан бәйге, 6 шақырымдық тай бәйгесі, арқан тартыс, қой көтеру, қазақ күресі оздырылып, ән шашулар жолданды.

Жүзеге асырылған әр шараның соңында марапаттау рәсімдері жүргізіліп, ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстардың жүлдегерлері, Кенжебек Меңдәлиевтің туғанына 110 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерекелік көпшілік іс-шараны ұйымдастыруға қолдау білдірген көптеген азаматтар ел алдында марапатталды. Бүгінгі шарада өткен күннің аманаты мен бүгінгі күннің салауатты істерін саралайтын, алдыңғы толқын ағалардың ісін кейінгі жас толқын бағалайтындай тәлім–танымдық мерекелік шарамыз осылайша өз мәресіне жетті.

-Елің үшін еңбек етсең, халқыңның мәңгі сүйетініне тағы бір мәрте көз жеткізген бүгінгі шара — ерді ісіне қарап таныды әрі жоғары бағалады. Жас күнінен адал еңбек етіп, халқының ұлық адамына айналған біздің әкеміз Кенжебек Меңдәлиев арадан қанша жылдар өтсе де, әлі күнге осындай баға жетпес құрметке бөленіп келеді. Біз, елі аңыз адамға балаған осы кісінің барлық ұрпақтары оған шексіз қуаныштымыз. Бүгінгі шараны ел болып жоғары дәрежеде өткізген Жалпақтал жұрты мен аудан, ауыл тізгінін ұстап отырған барлық әкім қараларға, ата-бабадан қанымызға сіңген үлкенді сыйлау, ұрпақтан–ұрпаққа жеткен дәстүрді берік ұстау, үлкенге ізет көрсету, қазақ деп соққан жүректің үрдісін жоғалтпай ұрпаққа жеткізу тәрізді ұлттық болмысты айтқызбай жүзеге асырып келе жатқан туған еліме Кенжебек Меңдәлиевтің барлық ұрпақтары атынан шексіз алғысымды білдіремін. Аман болыңыздар жайсаң елім. Біз Сіздерді жақсы көреміз, - деп риясыз көңілін шынайы ниетімен жеткізген Разия Кенжебекқызы өз сөзін аяқтады.

Туған жерді құрметтеу сол елдің әрбір азаматын ардақтаудан басталады. Ұлыларын ұлықтай білген елге ырыс-береке қонады.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале