Облыс әкімінің орынбасары Тлепберген Каюпов іссапармен Казталов ауданына келді. Өңір басшысының орынбасары аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, «Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры Рауан Құсайыновпен бірге көктемгі кезеңге дайындық жұмыстарын пысықтады.

Өткен жылы көктем мезгілінде Үлкен және Кіші өзендерге жіберілген суды реттеу және деңгейін ұстап қалып, тиімді пайдалану мақсатында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны арқылы «Казталов-1», «Казталов-2», «Мамай» суландыру жүйелерінің қақпаларына ағымдағы жөндеу және Кирово-Шежін магистралды каналының Ақпәтер ауылдық округінің аумағындағы каналдарға тазарту жұмыстары жүргізілді.
Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы облыс әкімінің орынбасарына су тасқынының алдын алу мақсатында қабылданған шаралар жөнінде ақпарат берді.
— Аудан аумағында барлығы 47 елді мекен орналасқан. Оның ішінде 23 елді мекен су көздеріне жақын орналасқан. Аталған елді мекендердің 13-і су басу қаупі жоғары аймақтарға жатқызылған. Қазіргі таңда қос өзеннің суын лимандарға шығару жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар шаруа қожалықтармен де байланыста болып, су шығару жұмыстарын бақылауда ұстап отырмыз, — деді аудан әкімі.
Жалпы аудан бойынша су тасқынының алдын алу мақсатында республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында орналасқан жалпы ұзындығы 312 метрді құрайтын 39 су өткізу құбырына, сондай-ақ ауылішілік жолдардағы ұзындығы 450 метрді құрайтын 75 су өткізу құбырына тазалау және бітеу жұмыстары жүргізілді.

Тлепберген Ерсайұлы аудан басшылығы және сала мамандарымен бірге «Гүрілдеуік», «Жиеш», «Автобаза» өткелдері мен «Варфоломеев» су қоймасы мен «Ақтас» бөгетінің жағдайымен танысты.
— Біздің басты міндет – көктемгі су тасқынының алдын алу және халықтың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы су ресурстарын тиімді басқару мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Осыған сәйкес, біз өзен суларын бей-берекет жібермей, оны шаруашылыққа тиімді бағытта пайдалануымыз қажет. Яғни, артық суды көлтабандарға, лимандарға шығару арқылы бір жағынан қауіптің алдын алсақ, екінші жағынан ауыл шаруашылығының дамуына нақты серпін береміз, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Казталов ауданы әкімдігінің
баспасөз қызметі