Өткен жылғы көктемгі су тасқыны өңірімізді біраз әбігерге салғаны белгілі. Айтпай келетін табиғат апатынан облысымыздың көптеген тұрғындары көктемгі су тасқынынан жапа шегіп, тұрғын үйлерінен айырылған болатын.
Міне, осындай қиын кезеңнің алдын алуды ерте бастан қолға алған Жалпақтал ауылдық округінің әкімдігі көктемгі су тасқынына әзірлікті жоспарлы түрде бастап, тасқын жүретін қауіпті жерлердің басына топырақ тасымалын ұйымдастыруды жүзеге асыруда.
Аталмыш жұмысты мемлекеттік сатып алу порталынан заңды түрде ұтып алған «ТехСапаҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда.
2025 жыл — «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып белгіленуіне орай тапсырылған міндеттемелерін барынша сапалы орындауға тырысқан жергілікті мердігерлер қазірдің өзінде Камаз көлігімен 500 рейс топырақты белгіленген жерге жеткізіп, тау етіп үйіп қойды.
Көктемгі тасқын судан сақтану жұмыстары аудан көлемінде одан әрі де жалғасын табатын болады.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы