Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады» деген болатын. Қазіргі уақытта ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу.

Егер осы міндеттерді ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болады.
Мемлекетімізде жүзеге асырылып отырған түбегейлі реформалар, кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар ауыл шаруашылығы мен туризмді дамытып, шағын және орта бизнестің өркендеуіне кең мүмкіндік беріп отыр. Осындай қолдаудың арқасында Казталов ауданы өңірінде туризм саласы біртіндеп дамып келеді. Бүгінгі «Ақкөл» қонақ үй кешенінің бой көтеруі де осы сөзіміздің айқын дәлеліндей.
Оны өңірімізді былай қойғанда, елімізге балық шаруашылығын дамытумен кеңінен танылған «Сартаев» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Әлібек Сартаев мырза бастама көтеріп, ауылдық жерден ашып отыр.

Айтулы шараның ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тілепберген Қаюпов, аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев, «AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация төрағасы Ержан Досмақов, облыстық мәслихат депутаты Самат Хамзин және ауыл тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Құрметті меймандар атынан құттықтау сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тілепберген Ерсайұлы, ауыл тұрғындары атынан Жаңажол ауылдық округінің ардагері Ерболат Малаев нысан құрылысын аяқтап, ел игілігіне пайдалануға берген Әлібек Сартаев бастаған кәсіпкер жігіттерге толайым табыс тілесе, ауылдық жердегі игілікті істі бір кісідей қолдап, жүрекжарды лебіздерін білдірген құрметті қонақтарға жеке кәсіпкер Әлібек Дүйсенғалиұлы өз алғысын білдірді.

Көл жағасында бой көтерген «Ақкөл» қонақ үй кешенінің ашылу салтанатына арналған лента қию құрметі Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тілепберген Қаюпов пен кәсіпкер Әлібек Сартаевқа ұсынылды.

Ауылдық жерде іске қосылған жаңа қонақ үй кешені болашақта тек демалыс орны ғана емес, туған жеріміздің көркі мен келешегіне қосылған зор үлеске айналсын.
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы