Бүгін Казталов аудандық мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Қолөнер – көңіл өрнегі» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, мерекелік шара ерекше сән-салтанатымен өтті. Көрме – аналар мен қыз-келіншектердің өнері мен еңбегін дәріптеп, ұлттық қолөнердің қадір-қасиетін насихаттаған тағылымды басқосу болды.

Көрмеге ауданымыздағы қолөнер шеберлері қатысып, өз қолдарынан шыққан әсем бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Әрбір бұйымнан нәзік талғам мен үлкен шеберліктің, сабыр мен төзімнің ізі айқын сезілді. Киізден, жүннен, моншақтан және түрлі табиғи материалдардан жасалған әшекейлер мен тұрмыстық бұйымдар көрменің сәнін кіргізіп, келген қонақтарды тәнті етті. Қолөнер – қазақ халқының бай мұрасының бір бөлігі екендігін тағы бір мәрте дәлелдеген бұл көрме көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Сонымен қатар көрмеде үй жағдайында дайындалған дәмді нан өнімдері де ұсынылды. Иісі аңқыған бауырсақ пен түрлі тәтті тоқаштар мерекелік дастарқанның көркін арттырды. Ауыл әйелдерінің еңбекқорлығы мен іскерлігі осындай игі істерден анық байқалды.
Шара барысында “Бастау бизнес” бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алған Бостандық ауылының тұрғыны Асет те өз өнімдерін көпшілікке таныстырды. Ол дайындаған кәуеп, балықтан жасалған хи тағамы және бұқтырылған ет өнімдері көрмеге келген тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл – мемлекет қолдауының арқасында ауыл кәсіпкерлерінің өз ісін дамытып, ел игілігіне еңбек етіп жатқандығының айқын көрінісі.

Көрмені аудан әкімі Асланбек Сарқұлов аралап көріп, қолөнер шеберлерінің еңбегіне жоғары баға берді. Ол қыз-келіншектерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтап, олардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.

Мерекелік көрме барысында әйелдердің еңбегі мен өнері дәріптеліп, ұлттық құндылықтарымыздың маңызы арта түсері анық.
Мейірім Парасат
Казталов ауданы