5.11.2025, 23:00
Оқылды: 451

Казталовта көпбейінді ауданаралық аурухана құрылысы басталды

Халық денсаулығын сақтау мен сапалы медициналық қызмет көрсету – ел дамуының негізгі басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында өңірлердегі медициналық инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігін үнемі атап өтеді. Осы бағытта бүгінде өңірімізде ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Казталов ауданында көпбейінді ауданаралық аурухананың құрылысы.

image-05-11-25-09-26-1

Бұл – аудан тарихындағы ең ірі және маңызды жобалардың бірі. Жаңа медициналық нысан тек Казталов ауданына ғана емес, сондай-ақ Жәнібек, Бөкей Ордасы және Жаңақала аудандарының халқына да қызмет көрсететін болады. Енді облыс орталығынан шалғай елді мекен тұрғындарына сапалы әрі жоғары деңгейлі медициналық көмек алу үшін ұзақ жол жүріп, уақыт жоғалтудың қажеті болмайды.
2025 жылдың қазан айында Батыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша мердігер «MIR-A CONSTRUCTION» компаниясы жаңа аурухана құрылысын бастап кетті. Бұл нысанның салынуы – өңірдің денсаулық сақтау жүйесін түбегейлі жаңғырту жолындағы маңызды қадам.
Жаңа емдеу мекемесі 60 төсек-орынға есептелген, оның ішінде 6 төсек уақытша бақылауға арналған. Бұл – науқастардың жағдайына байланысты қысқа мерзімде дәрігер бақылауында болуына мүмкіндік береді. Аурухананың қабылдау бөлімі, тіркеу және диагностикалық орталығы тәулігіне 96 келушіге дейін қызмет көрсете алады. Медициналық қызмет екі ауысыммен ұйымдастырылып, тәулік бойы үздіксіз жұмыс режимі енгізілмек.
Болашақ аурухана заманауи талаптарға толық сай салынады. Онда ең соңғы медициналық технологиялар мен жаңа үлгідегі құрал-жабдықтар орнатылады. Атап айтқанда, нысанда МРТ (магниттік-резонанстық томография), КТ (компьютерлік томография), ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ), рентген, анализдерге арналған заманауи зертханалық жүйелер және жасанды тыныс алу аппараттары орнатылмақ. Сонымен қатар ғимаратта арнайы жедел саты (лифт) орнатылады. Ол арқылы науқас адамдарды, ем алуға келген емделушілерді және қажет жағдайда мәйітті тасымалдау көзделген. Мұндай жоғары технологиялық құралдар дәрігерлерге ауруларды ерте анықтауға, сапалы диагностика мен ем жүргізуге мүмкіндік береді.
Көпбейінді ауданаралық аурухана іске қосылған соң 21 жоғары білімді дәрігер, 49 орта буынды медицина қызметкері, 51 өзге қызмет көрсету және техникалық мамандар еңбек ететін болады.
Жас дәрігерлерді ауылдық жерге тарту және тұрақтандыру мақсатында республикалық, облыстық және аудандық бюджет есебінен көтерме төлемдер мен тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары қарастырылуда. Бұл бастама – ауылдық аймақтардағы кадр тапшылығын азайтып, медицина саласының дамуына серпін береді.

image-05-11-25-09-26-5
Жаңа аурухана іске қосылғанда, Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы және Жаңақала аудандарының тұрғындары облыс орталығына қатынамай-ақ, өз ауданында жоғары сапалы медициналық көмек ала алады. Осы арқылы облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекен тұрғындары сапалы әрі жоғары деңгецдегі медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болады. Мұнда түрлі бағыттағы мамандар қызмет көрсетіп, заманауи диагностикалық және емдеу әдістері қолданылады.
Аурухана кешенінің жобасында науқастарға жайлы орта қалыптастыруға, санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтауға баса назар аударылған. Сондай-ақ жедел жәрдем бөлімшесі, дәріхана, дәрігерлердің кеңес беру кабинеттері мен стационарлық бөлімдер орналасады.

Ербол Қарағалиев, «MIR-A CONSTRUCTION» ЖШС өкілі:
- Казталов ауданындағы көпбейінді ауданаралық аурухана құрылысы – біздің компания үшін жауапты әрі мәртебелі жоба. Бұл – тек құрылыс нысаны емес, тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін әлеуметтік маңызы бар ғимарат. Жоба барлық заманауи талаптарға сай әзірленіп, халықаралық құрылыс стандарттарына сәйкес жүргізілуде. Құрылыс барысы кестеге сай жүріп жатыр. Жоғары сапалы материалдар қолданылады, қауіпсіздік пен инженерлік жүйелерге ерекше мән берілуде. Аудан тұрғындары үшін қолайлы, заманауи, көп функционалды медициналық мекемені уақытында әрі сапалы түрде тапсыру біздің негізгі мақсатымыз. Жоба толық аяқталған соң, бұл нысан өңір медицинасының дамуына үлкен серпін беретініне сенімдіміз, - дейді.
Көпбейінді ауданаралық аурухана тек медициналық қызмет сапасын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етпек. Құрылыс пен жабдықтау жұмыстары толығымен 2027 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Гүлнұр Сәуірғалиқызы
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале