10.07.2025, 16:15
Оқылды: 639

Казталовта көшпелі жиын өтті

Казталов аудандық мәслихатының VIII шақырылымындағы депутаттарының ұсынысы бойынша біріккен комиссия отырыстарын әрбір ауылдық округтерде өткізу қолдау тауып, бүгін Қарасу ауылдық округінде аудандық мәслихаттың «Бюджет, экономика және инфрақұрылымды дамыту мәселелері» және «Білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту мәселелері» жөніндегі  тұрақты комиссияларының бірлескен көшпелі отырысы өтті.

IMG_0374

Комиссия отырысынан бұрын депутаттар округтегі әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен танысқан болатын. Атап өтсек, Жұлдыз ауылындағы таза ауыз су қондырғысы. Осыдан 14 жыл бұрын «Таза су» бағдарламасы аясында Сарыөзен өзенінен ауыз су тазалайтын қондырғы орнатылып, ауыл халқы таза ауыз сумен қамтылды. Жергілікті жердегі суға жауапты мекеменің қызметкерлерінің біліктілігі мен жауапкершілігінің арқасында ауыл тұрғындары таза ауыз су ішуде. Бүгінде қондырғының тозығы жетіп, жаңғырту, жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Бұл маңызды мәселені назардан тыс қалдырмаған депутаттар бір ауыздан дауыс беріп, жаңғырту жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама жасауға аудандық бюджеттен қаражат бөлгізген. Сонымен қатар Жұлдыз ауылындағы бөгетті жөндесе, ауыз су қондырғысына өзен деңгейін ұстауға ыңғайлы болатынын алға тартады ауыл тұрғындары. Жалпы өзендегі суды реттейтін қақпалар мен бөгеттерді жөндеу қажет етеді. Ауыл тұрғындары осы мәселелерді алға тартты.
Халық қалаулылары Жұлдыз ауылында жаңадан салынған Ахмедияр Құсайынов атындағы білім ордасына бас сұғып, тынысымен танысты. Ауылға сән берген Батыр атындағы мектеп жарқырап тұр. Бұдан кейін депутаттар Қарасу ауылына ат басын тіреді. Бұл ауылда да мәселе баршылық. Бірінші кезекте мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Жөндеу жұмыстарынан аудандық бюджеттен жобалық-сметалық құжаттамасы қаржы бөлініп, дайындалған. Ендігі уақытта қаражат қажет. Сонымен бірге депутаттар ауылдағы мектеп пен балабақшаға барды. Бұл нысандар да жөндеу жұмыстарының кезегінде тұр.

IMG_0392

Біріккен комиссия отырысына комиссия төрағасы Абылайхан Шакуов төрағалық жасап,  аудан әкімінің орынбасары Рашид Иманғалиев, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жадыра Сүндетова, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ержан Құмарғалиев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Асыл Кенжеғалиева, Қарасу ауылдық округінің әкімі Сұңғат Қажығалиев, округтегі қауымдастық өкілдері қатысты.

Комиссияның күн тәртібінде Қарасу ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы (жергілікті қоғамдастықпен бірлескен жұмыстар) туралы округ әкімі Сұңғат Қажығалиев баяндама жасап, сұрақтарға жауап берді. Бұған қосымша округтің бюджет, салық жағдайы жөнінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жадыра Сүндетова, Қарасу ауылдық округінің ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласының дамуы туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімнің басшысы Аманжол Қажығалиев хабарлама оқыды.

Комиссия отырысына қатысқан жергілікті қауымдастық өкілдері киік, Шәкен, Ақмай, Арыстан бөгеттерін жөндеу, ауылдағы ауруханада дәрілердің жетіспеушілігі, Жалпақтал—Қарасу бағытындағы жолды жөндеу туралы сауалдарын жолдады.
Депутаттар тарапынан биылғы орын алып отырған қуаңшылықты алға тартты. Расында биыл ауданымыз бойынша 16 округтің 10-да шөп шығымы өте төмен немесе жоқ деп айтуға болады. Алдағы қысқа мал азығын дайындаудың өзі мұң болып отыр. Осы мәселені көтерген халық қалаулары аудан бойынша төтенше жағдай жариялап, субсидия төлеуді ұсынды. Шөптің де бағасы шарықтап кеткен.

IMG_0431

Аудандағы қуаңшылық пен мал азығын дайындау бойынша кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Баянғалиұлы жауап берді. Оның айтуынша, облысымыздың оңтүстік аудандарымен қатар басқа да аудандарында киік миграциясы мен қуаңшылық орын алған. Соның салдарынан мал азғын дайындау қиын. Мамандар көрші аудандардан шабындық жер қарап, жұмыстану үстінде. Біраз сұрақтарға аудан әкімінің орынбасары Рашид Нәсіпқалиұлы тиісті жауабын берді.

P.S Біз байқағанымыздай, көшпелі комиссия отырысында шалғайдағы ауыл тұрғындары шешімін таппай жүрген бар жұмыстарды алға тартып, өз ұсыныс, сауалдарын жолдады. Барлығы бірден шешімін таппаса да осындай жиындардың берері көп болмақ. Бір жиында бір ғана мәселе шешілсе, оның өзі нәтиже болмақ. Бірақ бәрін бірлесе, ақылдаса шешкеніміз дұрыс болады.

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале