Оқушылардың ғылыми-техникалық, шығармашылық қызметіндегі теориялық және практикалық жетістіктерін кеңінен насихаттау және тарату мақсатында Қазталов ауданының Алма Оразбаева мектебінде «Қосымша білім беру жүйесіндегі жаңа шығармашылық белестер» тақырыбында облыстық семинар-практикум өтті.
Семинар-практикумға облыстық оқу әдістемелік кабинетінің әдіскері Айнұр Сабирова, аудандық қосымша білім беру ұйымдарының директорлары, қосымша білім беру педагогтері қатысты.
Қатысушылар алдымен аудандағы шығармашылық орталықтың үйірме мүшелерінің жұмыстары, сурет және қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалап, мектеп музейімен танысты.
- Жоспарлы түрде семинар-практикум өтуде. Қосымша білім беру бағыты көп. Олар ғылыми-техникалық, шығармашылық, туристік, экологиялық, өнер және тағы басқа. Осыған байланысты семинар-практикумда бірнеше бағытты бір арнаға тоғыстыруды жөн көрдік. Семинардың алғашқы бөлімі «Әдістемелік тәжірибе алаңында» қосымша білім беру педагогтары шеберлік сағатын өткізіп, тәжірибе алмасса, «Көреміз. Білеміз. Бөлісеміз» атты екінші бөлімде Қазталов ауданының қосымша білім беру ұйымдарының жұмысымен таныса аласыздар, - деді облыстық оқу әдістемелік кабинетінің әдіскері Айнұр Сабирова.
Бағдарламасы бойынша алдымен Бәйтерек аудандық қосымша білім беру орталығының педагогы Гүлсім Иржанова «Жеңіс гүлін терген күн» шеберлік сағатын өткізсе, Ақжайық аудандық балалар шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогі Досжан Бижанов «Ағашты көркем өңдеу» тақырыбы бойынша ағаш өңдеудегі түйінді мәселелерді айтып, өзінің жасаған бұйымдарымен таныстырды. Жаңақалалық әдіскер Бауыржан Қаратаев «War now» кеме үлгісін жасау жолын көрсетті. Сырым ауданынан келген қосымша білім беру педагогтері «Tedx leader» әдісінің өзектілігіне тоқталып, бұл әдіс әлемдік деңгейде көш бастап тұрғанын жеткізді.
Ал тасқалалықтар қазақтың ұлттық ойыны асық атуды роботпен ойнайтын «ROBO асық ату» авторлық жобасын таныстырып, қатысушылардың қызығушылығын оятты. Бөрлі аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының қосымша білім беу педагогі Рустам Жұмағазиев «Бедерлі кескіндеме» технологиясындағы ерекшеліктерді көрсетті. Бұған қоса Шыңғырлау ауданы, Орал қаласы және облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығының қосымша білім беру педагогтері «Экологиялық жауапкершілік», «Дәстүрлі емес сурет өнері» және «Уақытты өлшеудің строномиялық тәсілдері» тақырыбында баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті.
Қорытынды бөлімде Айнұр Сабирова «Мұнара» тренингін өткізсе, Қазталов аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығының қосымша білім беру педагогі Ақжан Қуаныш велотуризмдегі мәнерлеп жүру техникаларын көрсетті. Жалпақтал балалар саз мектебінің ұстазы Асылхан Бұлтанов дәстүрлі ән айтудағы вокалдық техниканың ерекшеліктеріне тоқталды.
Семинар-практикум соңында қатысушылар сазды бағдарламаны тамашалап, семинардың тақырыбы аясында ұсыныстарын айтты.
Гүлім Манат,
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер