31.10.2024, 12:45
Оқылды: 121

Казталовта «Мәдениет майдангері» танымдық жобасының кезекті бағдарламасы өтті

Казталовта С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Мәдениет майдангері» танымдық жобасының кезекті бағдарламасы өтті.
image-31-10-24-10-39-6
Жобаның негізгі мақсаты – аудан мен ауыл мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген ардагерлердің жүріп өткен өмір жолына шолу жасай отырып, келешек ұрпаққа таныстыру.
Бағдарламаның бүгінгі кейіпкері – ел мақтанышы, ұлт асылдарының бірегейі, дәстүрлі әнші, айтыскер ақын, жыршы, термеші, Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияның күміс көмей әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат орденінің иегері», Казталов, Қаратөбе аудандарының «Құрметті азаматы» Хатимолла Бердіғалиев.
image-31-10-24-10-39
Хатимолла Жәңгірұлы жүрегі домбыра деп соққан, жолы таза, тәуелсіз еліміздің өнері мен мәдениет мәйігіне айналған мәдениет майталманы.
Ата-бабамыз өнер десе ішкен асын жерге қойып, көмейінен ән төгілген, өнерпаз ұл-қыздарын ардақтап, құрмет көрсеткен. Кештің шымылдығы әншінің өмір мен өнер жолына аррналған бейнебаянмен ашылды. Сонымен қатар дәстүрлі ән мектебінің шәкірттері мен жетекшісі Гүлжанар Айтмағанбетованың орындауындағы М.Мақатаевтың сөзіне жазылған Н.Тілендиевтің «Саржайлау» және халық әні «Гүлдерайым» көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
image-31-10-24-10-39-3
Айтулы шарада Хатимолла Бердіғалиев ауданда еңбек еткен жылдары құрған «Жадыра» ойын-сауық театры «Көршінің хияметті» атты интермедиясын сахналап, риясыз күлдірді.
Айтыс десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар сірә. Халықаралық айтыста Моңғолия ақыны Егеухан Мұқамедқызына Хатимолла аға өзінің домбырасын сыйға тартқан еді. Киелі шаңырақтың әншілері Аманжол Камжанов пен Санжар Алипов Қаратөбе ауданында өткен айтыстан үзінді орындады.
Кездесу барысында Хатимолла ағаның өмірлік досы Сарсенғали Бисенғалиұлы досына арнаған өлең шумақтарын оқыса, Республикалық дәстүрлі өнер байқауының жеңімпазы, шәкірті Мирас Бақтығалиев дәстүрлі әндерді нақышына келтіре шырқады.
image-31-10-24-10-39
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев Хатимолла Бердіғалиевке алғысын білдіріп, иығына шапан жауып, алғысхат табыстаса, жан-жолдасы Сарсенғали ағаға да шапан кигізді. Сонымен қатар өнер иесінің жолын қуған шәкірті Мирас Алмұратұлына да естелік сыйлық табысталды. Жобаға көрермен болып келген бірге оқыған құрдастары, еңбек жолында қызметтес болған әріптестері жылы лебіздерін білдірді.
Өз кезегінде Хатимолла Жәңгірұлы тамаша жобаны ұйымдастырған Нұрия Самиғоллақызына, барша аудан жұртшылығына және көрерменге ризашылығын білдірді.
Гүлнұр Сәуірғалиқызы
Казталов ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале